Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов сала басшыларына жұмысшы мамандықтары бойынша кадрлар даярлаудағы жаңа тәсілдер жөнінде бірқатар міндет жүктеді. Алдымен ол экономиканың орнықты дамуы және әлеуметтік тұрақтылық жұмысшылардың біліктілігі мен еңбегіне тікелей байланысты екенін айтты.
— Мемлекет басшысы экономиканың түрлі саласына заманауи технологияларды қолдану арқылы еңбек өнімділігін арттыра алатын жаңа буын мамандары қажет екенін үнемі атап өтуде. Жұмысшы мамандықтарына айрықша назар аудару қажет, — деді Премьер-министр.
Оның сөзінше, қазіргі таңда кез келген өндірістегі маман цифрлық басқару жүйелерімен кәсіби деңгейде жұмыс істеп, нақты міндеттерді шешу үшін жаңа технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын қолдана білуі тиіс. Сол себепті, қолданыстағы кадр даярлау жүйесін дәл осы мақсаттарға сай қайта құру қажет.
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform
— Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі жаңа мамандардың еңбек нарығына жылдам әрі бәсекеге қабілетті болып енуін қамтамасыз етуі керек. Сондықтан мемлекет экономика үшін кадрлар даярлаудың негізгі буыны ретінде кәсіптік және техникалық білім беру жүйесін дамытуға басымдық беріп отыр, — деді Олжас Бектенов.
Мемлекет бұл бағытта нақты шаралар қабылдап жатыр. Соның арқасында оң өзгеріс байқалады. Бұрын колледждерге бюджет есебінен жыл сайын 93 мыңға жуық студент қабылданса, биыл олардың саны 145 мың студентке дейін артты. Сонымен қатар, стипендия мөлшері 50%-ға көтерілді, ал колледжде бір студентті оқытуға жұмсалатын жалпы қаржыландыру көлемі екі есеге өсті.
Студенттерді жатақханалармен қамтамасыз ету бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді.
Фото: Астана әкімдігі
— Бұған дейін қолға алынған жаңа жатақханалар құрылысын жалғастыру қажет. Алдағы үш жыл ішінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттеріне арналған 7,5 мыңға жуық жаңа орын ашу көзделіп отыр. Бұл жоспар орындалуы тиіс, — деп нақты тапсырма берді Премьер-министр.
Сонымен қатар, тағы бірқатар қосымша шара қабылдау қажеттігін мәлімдеді. Мәселен, қаржыландыру көлемі колледждердің мүмкіндіктеріне емес, экономиканың кадрларға деген нақты қажеттіліктеріне сай айқындалуы керек.
Түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіштеріне мониторинг жүргізу де Үкімет басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Оның айтуынша, еңбек нарығындағы өзгерістерді алдын ала ескеріп, оларды тиімді басқару үшін жетекші компаниялармен бірге мемлекет пен жеке серіктестік негізінде Ұлттық мамандықтар трансформациясы орталығын құру тапсырылды.
Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Дегенмен, бұл мәселеде ведомстволар арасында өзара келіспеушілік байқалады.
— Ғылым және Еңбек министрліктері осы жылдың соңына дейін жаңа мамандықтар мен сұранысқа ие құзыреттерді болжау үдерісіне жұмыс берушілердің қатысуын көздейтін нақты тетіктерді айқындап, Орталықтың толыққанды жұмысын қамтамасыз етсін, — деді Олжас Бектенов.
Бұдан бөлек, оның сөзінше, колледждердің тартымдылығын арттыру бойынша тиімді іс-шаралар қабылдау да маңызды. Ол үшін:
· оқу бағдарламаларын еңбек нарығы мен халықтың сұранысына сәйкес үнемі жаңғыртып отыру керек;
· қажетті микро-біліктіліктерді алу мақсатында қысқа мерзімді модульдік бағдарламалар ашқан жөн.
Бұл амалдардың арқасында колледж кәсіби білім мен дағдыларды меңгеру үшін саналы түрде таңдайтын білім ошағы болуы керек.
Сонымен қатар инфрақұрылымды айтарлықтай жаңғырту қажет. Өйткені, республикадағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 70%-дан астамы 40 жыл бұрын салынған.
Фото: Үкімет
— Президент ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардың құрылысын бастауды тапсырды, яғни, еліміз алып құрылыс алаңына айналуы тиіс. Аталған міндет аясында Мемлекет басшысы колледждерді салу мен оларды кешенді түрде жаңғырту тәсілдерін де мақұлдады. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, осы жылдың 1 қарашасына дейін Үкіметке 2027–2030-шы жылдарға арналған Техникалық және кәсіптік білім берудің заманауи инфрақұрылымын дамыту бағдарламасын енгізуді тапсырамын, — деді Премьер-министр.
Оның мәлімдеуінше, кадр тапшылығын еңсеру және білім беру жүйесі мен бизнестің нақты сұраныстарын ұштастыру өте өзекті. Сол себепті, жұмыс берушілер мен салалық қауымдастықтардың қажеттіліктерін білім беру ұйымдарының мүмкіндіктерімен үйлестіру қажет.
Үкімет басшысы Оқу-ағарту министрлігіне Еңбек министрлігімен, «Атамекен» ұлттық палатасымен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп жұмыс істеуді тапсырды. Олар әрбір өңірде экономиканың басым салалары бойынша кадрлар даярлау және оларды тәуелсіз сертификаттау жөніндегі салалық кластерлер құруы керек.
Сонымен қатар, колледждерде студенттерді оқыту үшін мемлекеттік тапсырысты дайындағанда, қажетті жұмыс орындарының нақты саны айқындалуы тиіс. Бұл өңірлердің және жаңа жоғары технологиялық өндіріс орындарының нақты қажеттіліктеріне сай кадрларды барынша тиімді даярлауға әсер етеді.
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform
— Ол үшін Еңбек, Оқу-ағарту және Ғылым министрліктері мен өңір әкімдіктері өндірістердегі жұмыс орындарының түрлері мен санын жыл сайын болжау бойынша жүйелі талдау жұмыстарын жолға қоюы қажет. Деректер тұрақты түрде жаңартылып, Еңбек.кз ақпараттық жүйесінде орналастырылуға тиіс. Жалпы үйлестіру Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевта, — деп түйіндеді Үкімет басшысы.





