Абай облысында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы талқыланды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мейрбек Нурекенов мәлімдеді,-деп хабарлайды abaidan.kz агенттігі.
Спикердің айтуынша, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, 2026 жылғы 15–31 шілде аралығында облыс аумағында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Оның негізгі мақсаты – азаматтық және қызметтік қарудың заңсыз айналымының алдын алу, қаруды сақтау және пайдалану қағидаларының сақталуын тексеру, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
— «Азаматтарды қару айналымы саласындағы заңнама талаптарын қатаң сақтауға, қаруды қауіпсіз сақтау қағидаларын орындауға шақырамыз. Қаруды өз еркімен тапсыру қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етеді және заңда көзделген жағдайларда жауапкершіліктен босатуға негіз болады», – деді Мейрбек Нурекенов.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері тіркелген қару иелерін тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексеріп, қару айналымы саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жедел-профилактикалық іс-шара қорытындысы бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталып, тіркелмеген қарулар тәркіленді.





