24–25 шілде күндері Абай облысының аумағында отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың құқықтарын қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында республикалық «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі.
Іс-шара аясында полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесіп профилактикалық рейдтер жүргізеді, профилактикалық есепте тұрған азаматтарды тексереді, әлеуметтік және құқықтық қолдауды қажет ететін отбасыларды аралайды, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарды анықтайды. Жұмыс барысында тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін дер кезінде анықтау мен жолын кесуге, құқық бұзушылық жасауға бейім адамдармен профилактикалық жұмыс жүргізуге және әлеуметтік қауіпті жағдайда тұрған отбасыларға қолдау көрсетуге ерекше назар аударылады. Абай облысы Полиция департаментінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда уақытылы хабарлау мен азаматтардың бейжай қарамауы аса маңызды екенін атап өтті. Бұл қауіп-қатердің алдын алып, көмекке мұқтаж жандардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға мүмкіндік береді. Полиция тұрғындарды немқұрайлы қарамауға шақырады. Егер сізге отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері белгілі болса немесе қорғау мен көмекке мұқтаж азаматтар туралы ақпарат болса, бұл жөнінде дереу 102 арнасына хабарлауды сұраймыз. Мұндай іс-шаралар қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, отбасы құндылықтарын сақтауға және әрбір азаматтың құқықтарын қорғауға бағытталған.






