Заң мен тәртіп 69 қаралымabaidan.kz

Абай облысы бойынша МКД: валюталық заңнаманы бұзғаны үшін 150 млн теңгеден астам айыппұл салынды

Абай облысы бойынша МКД: валюталық заңнаманы бұзғаны үшін 150 млн теңгеден астам айыппұл салынды

Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Руслан Данияров бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасының талаптары, валюталық түсімді репатриациялаудың маңызы және осы талаптарды сақтамағаны үшін көзделген әкімшілік жауапкершілік шаралары туралы айтып берді.

Руслан Данияров атап өткендей, валютаны репатриациялау – сыртқы экономикалық мәмілелер бойынша валюталық қаражаттың заңнама талаптарына сәйкес Қазақстанға қайтарылуын қамтамасыз ету міндеті.

«Егер қазақстандық компания тауарларды жеткізсе, жұмыстарды орындаса немесе шетелдік серіктеске қызмет көрсетсе, келісімшарт бойынша алынған валюталық түсім Қазақстан Республикасының уәкілетті банкіндегі тиісті шотқа түсуі тиіс. Осындай талаптар мәміле жүзеге аспаған немесе шетелдік жеткізуші ақшаны қайтаруға міндетті болған жағдайда, импорт үшін төленген қаражатты қайтаруға да қолданылады», – деп түсіндірді Департамент басшысы.

Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы валютаны репатриациялау талаптарын сақтау мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғау, капиталдың заңсыз әкетілуіне жол бермеу, сыртқы сауда операцияларының ашықтығын қамтамасыз ету және елдің қаржылық тұрақтылығын нығайту үшін маңызды екенін атап өтті.

Оның айтуынша, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар шетелдік серіктестермен жасалатын келісімшарттарды тиісті түрде рәсімдеп қана қоймай, шарттық міндеттемелердің орындалуын және ақшалай қаражаттың түсу мерзімдерін тұрақты бақылап отыруы қажет.

Руслан Данияров ұлттық және (немесе) шетел валютасын репатриациялау талаптарын орындамау заңнамада көзделген шарттар болған жағдайда Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 251-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын атап өтті. Бұл талаптар заңды тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге және коммерциялық емес ұйымдарға қолданылады.

Іс жүзінде мұндай құқық бұзушылықтар валюталық түсімнің уәкілетті банктегі шотқа уақтылы түспеуіне, сыртқы экономикалық келісімшарттарды рәсімдеу кезіндегі қателіктерге, шетелдік контрагенттер тарапынан төлемдердің кешіктірілуіне, сондай-ақ валюталық міндеттемелердің орындалуын жеткіліксіз бақылауға байланысты болуы мүмкін.

Ағымдағы жылдың басынан бері жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Департамент Қазақстан Республикасының уәкілетті банктеріндегі шоттарға валюталық түсімнің уақтылы түспеуіне қатысты 4 деректі анықтады.

Барлық анықталған деректер бойынша Семей қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты сыртқы экономикалық қызметке қатысатын төрт тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулылар шығарды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 150 млн теңгеден асты.

«Біз сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың назарын валюталық заңнама талаптарын қатаң сақтаудың қажеттілігіне аударамыз. Кәсіпкерлер үшін ақшалай қаражаттың түсуін уақтылы қадағалау, келісімшарттардың орындалуын бақылау және төлемдер кешіктірілген жағдайда қажетті шараларды қабылдау маңызды. Мұндай тәсіл әкімшілік жауапкершілікке тартылу тәуекелдерін азайтуға және қаржылық тәртіпті арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Руслан Данияров.

Сөз соңында Департамент басшысы бизнес өкілдерін сыртқы экономикалық мәмілелер бойынша міндеттемелерді орындауға жауапкершілікпен қарауға және валюталық түсімді репатриациялау бойынша заңнамада белгіленген талаптарды сақтауға шақырды.