Қазақстан Республикасының жаңа Құрылыс кодексі: құжаттарды рәсімдеу, жобалау және құрылыс объектілерін салуды бастау тәртібі
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнама талаптарын сақтау мақсатында құрылыс салушылар, тапсырыс берушілер, жобалау және құрылыс ұйымдары Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 9 қаңтардағы № 253-VIII ҚРЗ Құрылыс кодексін, сондай-ақ құрылыс объектілерін салу және пайдалануға беру тәртібін реттейтін қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын басшылыққа алуы қажет.
Құрылыс жобаларын іске асыру тәртібі Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 29 мамырдағы № 265 бұйрығымен бекітілген «Құрылыс салуды ұйымдастыру және құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларымен» белгіленген.
Аталған қағидаларға сәйкес құрылыс жобаларын іске асыру бастапқы материалдарды алудан бастап, салынған объектіні пайдалануға қабылдауға дейінгі белгіленген кезеңдерден ретімен өтуді көздейді.
1. Сәулет-жоспарлау тапсырмасын және бастапқы материалдарды алу
Жобалау жұмыстарын бастамас бұрын тапсырыс беруші жер учаскесіне заңды құқықтарының болуын қамтамасыз етіп, құрылыс жобасын әзірлеуге қажетті бастапқы материалдарды алуы тиіс.
Бастапқы материалдардың құрамына мыналар кіреді:
- сәулет-жоспарлау тапсырмасы (СЖТ);
- инженерлік қамтамасыз ету көздеріне және коммуналдық қызметтерге қосылуға арналған техникалық шарттар;
- тік жоспарлау белгілері;
- егжей-тегжейлі жоспарлау жобасынан алынған үзінді;
- жолдар мен көшелердің көлденең профильдері;
- сыртқы инженерлік желілер трассаларының схемалары.
Бастапқы материалдарды алу үшін өтініш белгіленген тәртіппен электрондық үкімет порталы немесе мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесі арқылы беріледі.
Жаңа құрылысқа арналған бастапқы материалдарды ұсыну мерзімі техникалық жағынан күрделі емес объектілер үшін 15 жұмыс күнін, ал техникалық жағынан күрделі объектілер үшін 17 жұмыс күнін құрайды. Сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен техникалық шарттарды ұсыну мерзімі тиісінше 9 және 15 жұмыс күні болып белгіленген.
Нормативтік негіз: «Құрылыс салуды ұйымдастыру және құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидалары».
2. Эскиздік жобаны әзірлеу және келісу
Бастапқы материалдар алынғаннан кейін тапсырыс беруші тиісті лицензиясы бар жобалау ұйымын тарта отырып, эскизді (эскиздік жобаны) әзірлеуді қамтамасыз етеді.
Эскиздік жоба объектінің мақсатына, белгіленген параметрлерге, оны жер учаскесінде орналастыру талаптарына, сәулеттік келбетіне және қасбеттерінің түс шешімдеріне сәйкес болуы тиіс.
Эскиздік жобаны келісу үшін өтініш пен оның электрондық нұсқасы электрондық үкімет порталы немесе мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесі арқылы ұсынылады.
Эскизді (эскиздік жобаны) келісу бойынша мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 10 жұмыс күнін құрайды. Өтінішті қарау нәтижесінде өтініш берушіге келісу туралы хат немесе дәлелді бас тарту жіберіледі.
Нормативтік негіз: «Құрылыс салуды ұйымдастыру және құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидалары».
3. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және сараптамадан өткізу
Эскиздік жоба келісілгеннен кейін, тиісті объект үшін құрылыс жобасын әзірлеу көзделген жағдайда, тапсырыс беруші бастапқы материалдарға, жобалауға арналған тапсырмаға және мемлекеттік нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеуді қамтамасыз етеді.
Жобалау-сметалық құжаттамада объектінің қауіпсіздігін және құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау мүмкіндігін қамтамасыз ететін қажетті сәулеттік, конструкциялық, инженерлік, технологиялық, өртке қарсы, табиғат қорғау және өзге де шешімдер көзделуге тиіс.
Жобалау құжаттамасын тиісті жұмыс түрлерін орындауға лицензиясы бар жеке және заңды тұлғалар әзірлейді.
Заңнамада белгіленген жағдайларда жоба кешенді ведомстводан тыс сараптамадан өткізілуге жатады. Мұндай объектілер бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан және заңнамада көзделген өзге де рәсімдер орындалғаннан кейін ғана бастауға жол беріледі.
Бұл ретте объектінің санаты мен жауапкершілік деңгейін ескеру маңызды. Өйткені жекелеген объектілерге қатысты жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу, сараптама жүргізу және құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарлама беру талаптарынан заңнамада көзделген ерекшеліктер болуы мүмкін.
Нормативтік негіз: Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі; «Құрылыс салуды ұйымдастыру және құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидалары».
4. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарлама беру және талон алу
Құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастамас бұрын тапсырыс беруші заңнамада көзделген жағдайларда құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу жөніндегі қызметтің басталғаны туралы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын мемлекеттік органға хабарлама жіберуге міндетті.
Хабарлама Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен беріледі. Хабарлама қабылданғаннан кейін құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарламаны қабылдау талоны рәсімделеді.
Құрылыс салушылар жұмыстарды бастамас бұрын қажетті жобалау құжаттамасының, міндетті болған жағдайда сараптаманың оң қорытындысының, техникалық және авторлық қадағалауды жүзеге асыратын мамандардың тағайындалғанын растайтын құжаттардың, сондай-ақ заңнамада көзделген өзге де құжаттардың болуын тексеруі қажет.
Маңызды: хабарламаны қабылдау талонын алу жобалау құжаттамасын әзірлеу және бекіту, міндетті сараптамадан өту талаптарын орындау мен құрылыс нормаларын сақтау міндеттерін алмастырмайды.
Нормативтік негіз: «Құрылыс салуды ұйымдастыру және құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидалары»; Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасы.
5. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кезінде қойылатын талаптар
Құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау барысында тапсырыс беруші, мердігер және тартылған мамандар бекітілген жобалау құжаттамасының, техникалық регламенттердің, мемлекеттік құрылыс нормативтерінің және қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
Заңнамада көзделген жағдайларда техникалық және авторлық қадағалау жүзеге асырылып, атқарушылық құжаттама жүргізілуі, қолданылатын материалдар мен конструкциялардың сапасы бақылануы және нақты орындалған жұмыстардың бекітілген жобаға сәйкестігі қамтамасыз етілуі тиіс.
Бекітілген жобалық шешімдерден ауытқулар белгіленген тәртіппен рәсімделуге тиіс. Жобалық шешімдерді өз бетінше өзгертуге және міндетті талаптарды бұза отырып жұмыстарды орындауға жол берілмейді.
6. Құрылыс объектісін қабылдау және пайдалануға беру
Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін объект Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексінде және тиісті қағидаларда белгіленген тәртіппен қабылданып, пайдалануға берілуге тиіс.
Жалпы тәртіппен пайдалануға берілетін объектілер бойынша орындалған жұмыстардың бекітілген жобалау құжаттамасына, нормативтік құжаттардың талаптарына және құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасына сәйкестігі расталуы қажет.
Заңнамада көзделген жағдайларда сәйкестік туралы декларация, орындалған жұмыстардың құрылыс жобасына сәйкестігі және құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы қорытындылар, сондай-ақ тиісті тұлғалардың қатысуымен құрылыс объектісін пайдалануға қабылдау актісі рәсімделеді.
Тапсырыс берушінің (меншік иесінің, инвестордың) объектіні өз бетінше қабылдауы заңнамада көзделген жағдайларда арнайы тәртіп қолданылады.
Нормативтік негіз: Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі; Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 20 наурыздағы № 123 бұйрығымен бекітілген «Құрылыс объектісін тапсырыс берушінің (меншік иесінің, инвестордың) өз бетінше қабылдау қағидалары, сондай-ақ құрылыс объектісін пайдалануға қабылдау актісінің нысаны» — аталған қағидалардың қолданылу аясына жататын объектілер бөлігінде.
Құрылыс салушылар мен құрылыс компанияларының назарына!
Құрылыс жобаларын іске асыру барысында рұқсат беру және жобалау құжаттарының толықтығын, жобалық шешімдердің берілген бастапқы материалдарға сәйкестігін және заңнамада көзделген келісулердің болуын алдын ала тексеру ұсынылады.
Белгіленген рәсімдердің реттілігін сақтау жұмыстардың тоқтатылу, заң бұзушылықтардың туындау және объектіні пайдалануға қабылдаудан бас тарту тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қолданыстағы талаптар туралы толық ақпаратты жергілікті атқарушы органның сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы уәкілетті бөлімшесінен алуға болады.
Сонымен қатар құрылыс салушылар, тапсырыс берушілер, жобалау және құрылыс ұйымдары Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексін, қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерді, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қағидалар мен мемлекеттік нормативтік құжаттарды басшылыққа алуы қажет.
Құрылыс жұмыстары бастапқы материалдарды алудан бастап объектіні пайдалануға беруге дейін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қатаң сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.




