Абай облысында 10 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды
Абай облысында қаржы пирамидаларын анықтау және олардың қызметін тоқтату бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Іс-шаралар Мемлекет басшысының тапсырмаларын және «Заң және тәртіп» идеологиялық науқанын іске асыру аясында жүргізілуде. Облыс құрылған сәттен бастап Экономикалық тергеп-тексеру департаменті алаяқтыққа халықты тарту мақсатында жұмыс істеген 10 қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты.Ата өтсек, 2024 жылдың өзінде Bitlime, Magis, Chia Tai Tiahging және Eolus сынды схемалар әшкереленіп, тоқтатылды. Аталған құрылымдардан 197 салымшы зардап шеккен, келтірілген жалпы залал көлемі 88 миллион теңгені құрады. Оның 3,4 миллион теңгесі өтеліп, 30 миллион теңгеден астам сомаға мүлік тәркіленді.
— Қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылардың белсенділігі тұрақты түрде өсіп келе жатқанын байқаймыз. Олардың схемалары барған сайын күрделене түсуде, ал адамдарды тарту тәсілдері – агрессивті сипатқа ие. Біздің міндетіміз – тек кінәлілерді жауапкершілікке тарту ғана емес, сонымен қатар азаматтарды мұндай топтарға араласудың салдары ауыр болатыны туралы ескерту, — деді департамент басшысы Медет Орынбасаров.
Алдын алу жұмыстары аясында департамент мамандары өңір тұрғындарымен, студенттермен және кәсіпкерлермен тұрақты түрде кездесулер өткізуде. Негізгі назар қаржы пирамидасына тән белгілерге аударылады: кепілдіксіз жоғары табысқа уәде беру, лицензияның болмауы, жаңа салымшылар есебінен төлем жасау және психологиялық қысым көрсету тәсілдері.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 217-бабына сәйкес, қаржы пирамидасын құру және оған жетекшілік ету – қылмыстық құқық бұзушылық болып табылады. Жағдайға байланысты, бұл әрекет үшін 3 000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Егер қылмыс ұйымдасқан топ арқылы жасалса, жаза күшейтіледі – бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу көзделген.
Экономикалық тергеп-тексеру департаменті азаматтарды сақ болуға, күмәнді жобаларға инвестиция салмауға, несие алып, қаражат құймауға, компаниялардың лицензиясы мен мемлекеттік тіркелуін мұқият тексеруге шақырады. Күдік тудырған жағдайда, Қаржылық мониторинг агенттігінің 1458 нөмірлі Call-орталығына немесе Telegram-дағы @baiqa_piramida ботына жүгіну ұсынылады.
#заң, #Абай облысы, #қаржы пирамидасы