Абай облысында алимент төлеуге міндеттелген борышкерлермен қарқынды жұмыс жалғасуда
Облыс аумағында проблемалық алимент саны өткен жылмен салыстырғанда 126-ға азайған. Сондай-ақ, соңғы уақытта қарыз сомасының төмендегені де байқалады. Өңіріміздің әділет және полиция департаменттері ұжымдасып, қарыздарды өндіріп алу ісінде оң нәтижелерге қол жеткізді.
Өткен жылы 530 млн теңгеден астам қаражат өндірілген болса, ағымдағы жылы – 300 млн теңгені құраған. Бұл туралы ӨКҚ алаңында «Абай облысының әділет департаменті» басшысының орынбасары Бейсембек Әл-Сейіт мәлімдеді,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі.
- Алимент бойынша заң негізінде 12 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. ҚР ҚК 139-бабы бойынша 2 қылмыстық іс қозғалып, сотқа жолданды. Олардың бірі қос тараптың татуласуына байланысты тоқтатылса, екінші іс қазір қаралу үстінде. Сонымен қатар, 443 борышкердің елден шығуына шектеу қойылып, 13 борышкердің мүлкі тәркіленген және 4 іс бойынша мүлікті бағалау және сату шаралары қабылданған, - деп атап өтті Бейсембек Әл-Сейіт.
Спикердің айтуынша, алименттік борышкерлерге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 12 азамат жұмысқа орналасқан,
- Біздің ведомство Полиция департаментімен бірлесіп, "Борышкер" жедел-алдын алу іс-шарасын өткізеді. Аталған іс-шара барысында біз ұзақ уақыт бойы алимент төлемеген азаматтардан айыппұлдарды уақытылы өндіріп алу қағидатын қамтамасыз етеміз. Нәтижесінде 4,2 млн теңге сомасында берешек өндіріп алынды. Борышкер 2018 жылдан бастап алимент төлеуден қасақана жалтарған. Сот орындаушысы істі қолға алғаннан кейін қарыз бірден өтелді, - деп толықтырды спикер.
Абай облысының жеке сот орындаушылары өңіріміздің Әділет департаментімен бірлесіп, борышкерлерді кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағу жөніндегі міндеттемелерін орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылатындығы жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.