Абай облысында заңсыз қару сатып алуға 5 млн теңге бөлінген

Абай облысында заңсыз қару сатып алуға 5 млн теңге бөлінген

22 сәуірден бастап Абай облысында халықтан қару сатып алу акциясы басталды,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі. 
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Омаров  мәлімдеді.

 Айтуынша, акция аясында азамат ішкі істер органдарының бөлімшелеріне хабарласып, тіркелмеген қаруды тапсыру арқылы ақшалай сыйақы ала алады. Сатып алуға заңсыз сақталған атыс қаруы мен оқ-дәрілердің, сондай-ақ жарылғыш заттардың барлық түрлері жатады. ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабына сәйкес, заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатылады,. Сондай-ақ қару үшін төлем мөлшері оның түрі мен санатына байланысты және 10-нан 100 АЕК аралығында болады. Қаруды тапсыру кезінде азаматтарға тек жеке куәлік пен жеке шоттың көшірмесін көрсету қажет. 

- Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, заңсыз сақталған қаруды өз еркімен тапсырғаны үшін сыйақы мөлшері қарудың түріне, оның техникалық жағдайына байланысты әрбір данасы үшін 11 мыңнан 369 мың теңгеге дейін болуы мүмкін. Төлемдер мөлшерін аумақтық полиция органында құрылған арнайы комиссиялар белгілейді, - дейді Әкімшілік полиция басқармасының бастығы .

Өткен жылы акция аясында облыс бойынша 70-тен астам атыс қаруы мемлекетке  тапсырылды. Ал төлемдер саны 5 миллион теңгеден асты. Биыл да акцияны өткізуге республикалық бюджеттен 5 миллион теңге қаражат бөлінген.


#заң, #Абай облысы, #Полиция