Семейде балағат сөз қолданған стендап-блогер 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды
2025 жылғы 22 қараша күні кешкі сағат 21:00 шамасында Семей қаласының мейрамханаларының бірінде өткен стендап-шоу барысында жергілікті блогердің көпшілік алдында бейәдеп сөздер қолданғаны белгілі болды. Оқиғаға қатысты бейнежазба әлеуметтік желілерге таралып, қоғамда қызу талқылау тудырған. Бұл туралы abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Полиция қызметкерлері жарияланған видеоматериалды зерделеп, аталған азаматты қоғамдық орында бейәдеп сөздер қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Сот әкімшілік істі қарау барысында оның кінәсін анықтап, 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу туралы шешім қабылдады.
Көпшілік алдында өтетін іс-шаралар, соның ішінде әзіл-сықақ бағдарламалары да, қоғамдық мораль нормаларын сақтап, көрермендерге құрмет көрсету талаптарына сай жүргізілуі қажет. Қоғамдық ортада бейәдеп сөздер айту, сондай-ақ оны интернет арқылы тарату заңға қайшы келеді және құқықтық жауапкершілікке әкеледі,-деп ескертеді Абай облысы Полиция департаменті .
Осындай құқық бұзушылықтарға қатысты полиция тарапынан қажетті шаралар қабылданатын болады. Қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттер назардан тыс қалмайды.