Жарма ауданындағы кездесулер: ұсыныстар мен нақты мәселелер

Жарма ауданындағы кездесулер: ұсыныстар мен нақты мәселелер

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов Абай облысының Жарма ауданына жұмыс сапарымен барып, Шар қаласында, сондай-ақ Кеңтарлау және Қаратөбе ауылдарында тұрғындармен кездесулер өткізді,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі.

Кездесулердің негізгі мақсаты – өңір тұрғындарының өзекті мәселелерін тыңдап, нақты ұсыныстарын жинау, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың жергілікті жерлерде жүзеге асу барысымен танысу . Басқосулар ашық форматта өтіп, халық тарапынан әлеуметтік-экономикалық даму, инфрақұрылым, білім беру, тұрғын үй және ауыл шаруашылығы салаларына қатысты көптеген ұсыныстар айтылды.

Шар қаласындағы кездесуде тұрғындар бұрынғы Шар ауданын қайта құру мәселесін көтеріп, шағын қалаларды дамытуға арналған арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, қала бюджетіне қосымша салық түсімдерін бөлу, инфрақұрылымды жаңғырту, жылу орталығын салу, электр энергиясын тұрақтандыру және көшелерді жөндеу мәселелері сөз болды. Тұрғындар сондай-ақ ескерткіш-тақталарды орнатуды жүйелеу, Ақбұзау – Шар су құбырын жаңғырту, Сарыарқа ауылындағы жолдарды жөндеу, балалар ойын алаңдарын салу және көшелерді жарықтандыру бойынша ұсыныстарын жеткізді.

Іссапар барысында депутат Шар қаласында салынып жатқан жүзу бассейнінің құрылысымен де танысты. Аталған спорт нысанына республикалық бюджеттен қаржы бөлінуі тұрғындардың ұсынысы негізінде жүзеге асқан. Бұл – халықтың бастамасы нақты нәтижеге ұласқан жобалардың бірі.

Кеңтарлау ауылында өткен кездесуде мектеп пен спортзал салу, ауылішілік жолдарды жөндеу, тұрғын үй құрылысы және өзге де әлеуметтік мәселелер көтерілді. Сонымен қатар, Әди Шәріпов ауылын жоғары жылдамдықты интернетпен және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, электр желілерін реттеу және жол инфрақұрылымын жақсарту қажеттігі айтылды.

Ал Қаратөбе ауылындағы кездесуде білім беру нысандарын жаңғырту мәселесі алдыңғы қатарға шықты. Атап айтқанда, мектепке күрделі жөндеу жүргізу, ауыл шаруашылығын дамыту, жеңілдетілген несие беру, жер бөлуді реттеу, жүн мен теріні өңдеу өндірісін дамыту жөнінде ұсыныстар айтылды. Сонымен бірге, әйелдердің зейнеткерлік жасын төмендету және таулы аймақтарда пайдалы қазбаларды барлау мақсатындағы қазу жұмыстарын тоқтату мәселелері де тұрғындар тарапынан көтерілді.

Кездесулер қорытындысында Нұртай Сабильянов барлық ұсыныстар мен мәселелер назарға алынатынын, оларды «AMANAT» партиясының бақылауына алып, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатынын атап өтті. Мұндай кездесулер билік пен халық арасындағы ашық диалогты нығайтып, өңірлердің тұрақты дамуына нақты серпін береді.


#Абай облысы, #мәжіліс, #Нұртай Сабильянов, #Жарма ауданы, #АМАНАТ партиясы