Мәжіліс депутаты ауыл тұрғындарымен кездесті
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов Абай облысының Үржар ауданына жұмыс сапары барысында әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың іске асу барысымен танысып, шалғай елді мекендердің тұрғындарымен кездесті. Бұл туралы abaidan.kz ақпараттық агенттігі Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. Депутат Лайбұлақ ауылындағы медициналық пунктке барды. Денсаулық сақтау нысаны заманауи жабдықтармен толық қамтылып, орта және кіші медициналық персоналмен қамтамасыз етілген. Бұл ауыл тұрғындары үшін алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ Нұртай Сабильянов шамамен 2700 адам тұратын Таскескен ауылындағы спорттық модульдің жұмысымен танысты. Нысан бір мезетте 80 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда футбол және грек-рим күресі секциялары жұмыс істейді, қазіргі таңда 58 бала тұрақты түрде жаттығумен айналысуда.

Ауыл тұрғындарының алдында сөйлеген сөзінде депутат ауылды дамыту Мемлекет басшысы айқындаған негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтті.
– Ауылды дамыту – бұл тек нысандар салу ғана емес. Бұл тиімді жергілікті басқару, әкімдердің жауапкершілігі, тұрғындардың белсенділігі және жүйелі мемлекеттік саясат. Дәл осындай модельді бүгінде Президент қалыптастыруда, ал Мәжілістегі «AMANAT» партиясының фракциясы оның заңнамалық және практикалық тұрғыда жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді, – деді депутат.

Ол жергілікті өзін-өзі басқару реформасы аясында ауылдық округтердің өкілеттіктері едәуір кеңейтілгенін еске салды. Атап айтқанда, бюджетінің төртінші деңгейіне жекелеген салық түсімдері беріліп, бұл әкімдіктерге абаттандыру, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және халықтың бірінші кезектегі қажеттіліктерін өз бетінше шешуге мүмкіндік берді. 2025 жылғы қарашада жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заң жобасы Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата отырысында жеке талқылау тақырыбына айналды.
Жұмыс сапарының қорытындысында депутат Таскескен, Лайбұлақ, Алтыншоқы және Жаңатілек ауылдарының тұрғындарымен кездесті.
#мәжіліс, #Парламент, #депутат, #Нұртай Сабильянов