Бұл қадам қазақстандықтарға тиімді болуы тиіс – АҚШ сарапшылары бір палаталы Парламент жайлы

Бұл қадам қазақстандықтарға тиімді болуы тиіс – АҚШ сарапшылары бір палаталы Парламент жайлы

Америка сарапшылары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2027 жылы Сенатты тарату жөнінде референдум өткізу бастамасын қызығушылықпен қабылдады деп хабарлайды Kazinfrom агенттігінің меншікті тілшісі. Консалтингтік фирма «Second Floor Strategies LLC» президенті Уайлдер Алехандро Санчестің айтуынша, елге қай жүйенің тиімді екенін анықтау жан-жақты талқылауды қажет ететін күрделі мәселе. Сарапшының пайымдауынша, Қазақстан бұл тақырыпты талқылап отырған жалғыз мемлекет емес. Мәселен, маусым айында Daily Star басылымында Бангладешке екінші палата қажет екені жазылды.

- Әр палатаның функцияларын айқындау – төменгі палата тікелей халық мандатының арқасында қаржылық мәселелерде және Үкіметті қалыптастыруда басымдыққа ие болса, жоғарғы палата заңнаманы қайта қарауға басымдық берсе – қос палаталы жүйенің тиімділігі үшін шешуші мәнге ие, - – деп атап көрсетілген мақалада.

Осыған сәйкес, 2024 жылы Перудің бір палаталы Конгресінде қос палаталы жүйеге қайта оралу мәселесі талқыланып, дауыс беру қорытындысы бойынша қабылданды. Осылайша, Перу Қазақстанға қарама-қарсы бағытты таңдады.

– Ел мүддесіне толықтай сай қызмет ететін конгресс немесе парламентті ұйымдастырудың мінсіз формуласы жоқ, – деп атап өтті Уайлдер Алехандро Санчес.

Әрине, бірпалаталы немесе қос палаталы парламенттің өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Бір ғана палатаның болуы бюрократиялық шығындарды азайтып, шешім қабылдау үдерісін жеделдетуі мүмкін. Алайда мұндай жағдайда Қазақстан халқының кейбір әлеуметтік топтары заң шығару үдерісінде жеткілікті деңгейде өкілдік ала алмауы мүмкін.

– Қазақстан парламентін өзгертудің кез келген тәжірибесі ең алдымен Қазақстан халқының пайдасына жұмыс істемесе, сәтсіздікке ұшырайды, – деп есептейді Санчес.

Сарапшыны «бір палаталы жүйе саяси партиялар мен шағын, оқшау қалалар мен ауыл тұрғындары үшін көбірек өкілдік бере ала ма?» деген сұрақ қызықтырады.

Еуразиялық орталықтың вице-президенті Ральф Виннидің пікірінше, Қазақстан халқына арналған мақсат пен артықшылықтар нақты айқындалуы тиіс.

– Президент Парламентті бір палаталы ете отырып, Қазақстан халқының өз елінің даму бағытын айқындаудағы рөлін күшейтетінін көрсетуі керек. Мүмкін, бір палаталы заң шығарушы орган көбірек нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берер. Қазақстан халқы үшін демократиялық үдерісті қорғауға және сақтауға арналған тежеуші әрі тепе-теңдік тетіктері бар парламенттік жүйе ең тиімді нұсқа болып саналады, – деді Ральф Винни.

Бұған Мемлекеттік департаменттің жоғары деңгейдегі бұрынғы шенеунігі (аты-жөнін көрсетуден бас тартты) бағасын берді. Ол Сенатты қалдыру керек па, өзгерту керек па, жоқ алып тастау керек па деген мәселені Қазақстан азаматтары шешеді деген пікірде.

– Қазақстан әлемде аумағы бойынша тоғызыншы мемлекет болғандықтан, ел аумағы мен азаматтар бетпе-бет келетін түрлі жағдайлар мен қажеттіліктердің Астанада әділ өкілдікке ие болуы маңызды. Түрлі әлеуметтік топтардың өз пікірін білдіру мүмкіндігі болуы шарт, – деді ол.


#сенат, #Жолдау, #АҚШ