Цифрлық активтердің мемлекеттік қорын құрған жөн — Президент

Цифрлық активтердің мемлекеттік қорын құрған жөн — Президент

Криптоактивтерге баса назар аудару керек. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында айтты. 

— Цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін тезірек қалыптастырған жөн. Цифрлық теңгенің енгізілуі бұл жұмысқа септігін тигізіп жатыр. Қазіргі таңда жобаларды Ұлттық қор есебінен қаржыландыру кезінде цифрлық теңгені қолданып жүрміз. Енді оның қолдану аясын одан әрі кеңейту қажет. Цифрлық теңгені республикалық және жергілікті бюджетте, мемлекеттік холдингтердің бюджетінде пайдалануға болады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, қазіргі заманның талабын ескере отырып, криптоактивтерге баса назар аудару керек. Ұлттық банктің инвестициялық корпорациясы негізінде Цифрлық активтердің мемлекеттік қорын құрған жөн. Бұл құрылымда жаңа цифрлық қаржы жүйесіндегі болашағы зор активтерден құралған стратегиялық крипторезерв жинақталады.

— Жаппай цифрландырудың, соның ішінде банк саласын цифрландыру ісінің пайдасы көп екені сөзсіз. Бірақ, оның қауіп-қатері де аз емес. Соңғы жылдары онлайн-алаяқтық мемлекеттің және азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне үлкен нұқсан келтіріп жатыр. Сондықтан, кибер-қылмыспен күресу үшін антифрод орталығы құрылды. Биометриялық анықтау жүйесі енгізілді. Банктердің, микро-қаржы ұйымдары мен байланыс операторларының жауапкершілігі күшейді. Дегенмен, бұл мәселеге үнемі жіті назар аудару қажет. Құзырлы органдардың жұмысын ұдайы жетілдіріп отырған жөн. Кибер-қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік беретін барынша интеллектуалды жүйе құру керек. Қажет болса, тиісті заңға және құқық қорғау органдарының қызметіне өзгерістер енгізген жөн, — деді Мемлекет басшысы. 

kaz.inform.kz


#ҚР Президенті, #Жолдау