Қазақстандағы партиялар әлі де қалыптасу үстінде – Әлихан Бәйменов

Қазақстандағы партиялар әлі де қалыптасу үстінде – Әлихан Бәйменов

Қазақстандағы партиялар әлі де толық қалыптаспаған. Президент Жолдауы аясында ел дамуының келешектегі бағдарлары талқыланған отырыста Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов еліміздегі партиялардың жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді.

– Біздің саяси жүйе тек Конституциядағы билік тармақтарының тұрақтылығымен ғана емес, сол билік пен халықтың арасында дәнекер болатын партиялардың да мықтылығымен анықталады. Шындығын айту керек, біздегі партиялар әлі де қалыптасу үстінде. Бұл – биліктегі де, оппозициялық партияларға да қатысты. Олар әлі толыққанды өздерінің құндылықтары мен бағдарламасына негізделген ұйымға айнала қойған жоқ. Үкіметке айтатын кейбір сын-ескертпелерін қарап отырсаң, «өз бағдарламасын оқымаған ба, өз құндылықтарын түсінбеген бе?» деген ой туады. Сол себепті, осы партиялардың дамуы – біздің болашақ дамуымыз үшін маңызды, – дейді спикер.

Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы енді мемлекет жаңа жүйеде жұмыс істеуге дайын болу керектігін айтты.

– Түбегейлі айтқанда, бұл Жолдау бәрімізге үміт сыйлады. Бұл үміттің ақталуы үшін барлық деңгейдегі жауапты адамдар жаңаша жұмыс істеуге дайын болуы керек. Сайлау әділ өтпесе, ешқандай саяси реформаның мағынасы болмайды. Сондықтан келесі Парламенттегі сайлау әділ өтсе, Қазақстан өзінің өкілетті органына сүйене отырып, тұрақты дамуға шығады, – деді ол.


#Жолдау