Қазақстанда сайлаушылар тізіміне 12 миллион 600 мыңнан астам адам енгізілді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманақұмов мәлімдеді, деп хабарлайды abaidan.kz агенттігінің тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
— Сайлаушылар тізімін қалыптастыру Орталық сайлау комиссиясының 1 шілдедегі алғашқы отырысында қабылданған қаулысына сәйкес жүзеге асырылды. Жергілікті атқарушы органдар сайлаушылар тізімдерін сайлау комиссияларына 2 тамызда, яғни дауыс беру күніне 20 күн қалғанда ұсынды. Кеше барлық тиісті актілер жиналды. Бүгін жергілікті атқарушы органдардың өкілдері осы мәліметтерді жариялады. Жинақталған ақпаратқа сәйкес, сайлаушылар тізіміне 12 миллион 605 мың 788 адам енгізілді, — деді А. Айманақұмов Орталық сайлау комиссиясының отырысында.
Оның айтуынша, сайлаушылардың ең көп саны Астана және Алматы қалаларында, сондай-ақ Алматы және Түркістан облыстарында тіркелген.
ОСК мүшесі сондай-ақ есептен шығару куәлігінің не екенін түсіндірді. Егер сайлаушы дауыс беру күні басқа елді мекенде болса, ол дауыс беру үшін есептен шығару куәлігін ала алады.
Дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәлігін дауыс беру күніне дейін 15 күн бұрын және дауыс беру қарсаңындағы күнгі сағат 18:00-ге дейін алуға болады. Учаскелік сайлау комиссиясы мұндай құжатты сайлаушының жазбаша өтініші және жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуі негізінде береді. Бұл ретте сайлаушылар тізімінде тиісті белгі қойылады.
— Азаматтар тұрақты тіркелген жері бойынша учаскелік сайлау комиссиясынан 7 тамыздан бастап 22 тамыз сағат 18:00-ге дейін дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәлігін ала алады. Есептен шығару куәлігі бір елді мекен шегіндегі басқа сайлау учаскесінде дауыс бергісі келетін сайлаушыларға берілмейтінін атап өткен жөн. Жоғалған есептен шығару куәліктері қалпына келтірілмейді, олардың телнұсқалары берілмейді, — деп атап өтті Азамат Айманақұмов.





