Абай облысының Қоғамдық кеңес мүшесі Ержан Құттыбаев еліміз үшін тарихи маңызы зор Құрылтай сайлауында алғашқылардың бірі болып өз таңдауын жасады. Бүгін Қазақстанда жаңа бірпалаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауы өтуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сайлауды ел тарихындағы маңызды саяси оқиға деп атап, азаматтарды белсенді түрде дауыс беруге шақырған болатын. Ержан Құттыбаевтың айтуынша, әр азаматтың сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасауы – елдің болашағына деген жауапкершіліктің көрінісі.
«Бүгінгі сайлау – еліміздің саяси дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы. Құрылтайдың алғашқы сайлауында өз таңдауымды жасау – азаматтық парызым деп білемін. Әрбір тұрғын ел болашағына бейжай қарамай, өз конституциялық құқығын пайдалануы маңызды», – деді ол.
Абай облысында Құрылтай сайлауын өткізуге барлық жағдай жасалған. Өңірде барлығы 464 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 429-ы азаматтардың тұрақты тіркелген жері бойынша, 35-і уақытша болатын орындарда орналасқан. Облыста дауыс беру құқығына ие 401 мыңнан астам азамат бар.
Қоғамдық кеңес мүшесінің сайлауға ерте келіп, өз таңдауын жасауы – азаматтық белсенділіктің жарқын үлгісі. Себебі елдің саяси өміріне араласу, маңызды мемлекеттік шешімдерге қатысу әр азаматтың жауапкершілігін талап етеді.
Құрылтай сайлауы – халықтың еркін таңдауын білдіретін маңызды саяси үдеріс. Сондықтан әрбір дауыс елдің ертеңіне жасалған таңдау екені сөзсіз.





