Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Құрылтай 78 қаралымabaidan.kz

Нұрлан Әбдіров: Сайлау комиссияларының әрбір мүшесінің кәсіби біліктілігі азаматтардың құқықтарының сақталуына байланысты

Нұрлан Әбдіров: Сайлау комиссияларының әрбір мүшесінің кәсіби біліктілігі азаматтардың құқықтарының сақталуына байланысты

 Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров пен комиссия хатшысы Шавхат Өтемісов жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барып, Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық барысымен танысты.

Жұмыс сапары барысында ОСК басшылығы Жаңаөзен және Ақтау қалаларындағы сайлау учаскелерін аралап, мемлекеттік органдардың өкілдерімен, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының төрағаларымен кездесті.

Сапардың алғашқы күнінде Нұрлан Әбдіров Жаңаөзен қаласындағы №89 және №283 сайлау учаскелерінде болды. ОСК төрағасы азаматтардың сайлау құқықтарын жүзеге асыруы үшін жасалған жағдайларды тексерді. Сондай-ақ ақпараттық бұрыштардың жабдықталуына, қажетті материалдардың болуына және олардың қолжетімділігіне назар аударды.

«Сайлау комиссиялары өз қызметінде азаматтардың дербес деректерін қорғауға ерекше мән береді. Бұл бағыттағы тәсілдердің бірі – арнайы трафаретті пайдалану. Ол бірнеше сайлау науқанынан бері қолданылып келеді. Трафарет жалпы сайлаушылар тізіміне қойылған кезде азамат тек өзіне қатысты дербес деректерді көріп, тиісті бағанға қол қояды», – деді Нұрлан Әбдіров.

Келесі күні ОСК төрағасы бастаған жұмыс тобы сайлау учаскелерінің, оның ішінде биыл ашылған учаскелердің жұмысымен танысты. Сайлау учаскелерінде азаматтардың барлық санаттары үшін қажетті жағдай жасауға ерекше назар аударылды.

Атап айтқанда, баспалдақпен өздігінен көтеріле алмайтын мүгедектігі бар азаматтарға арналған шынжыр табанды көтергіштің жұмысы көрсетілді.

Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Маңғыстау облысының мемлекеттік органдары өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті. Кездесуде өңірдің Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындығы талқыланды.

Кеңеске облыс әкімдігінің, прокуратураның, ішкі істер органдарының, Төтенше жағдайлар департаментінің, әлеуметтік қорғау саласының және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Олар атқарылған жұмыстар мен сайлауға дайындық аясында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

ОСК төрағасы мемлекеттік органдар мен сайлау комиссияларының үйлесімді жұмысы сайлауды сапалы ұйымдастыру мен өткізудің маңызды шарты екенін атап өтті.

Оның айтуынша, сайлауға дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, заңнама талаптары қатаң сақталуы және әрбір сайлаушының құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталуы қажет.

Ақтау қаласының аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының төрағаларымен кездесуде Нұрлан Әбдіров дауыс беру кезеңіндегі негізгі міндеттерге тоқталды.

Ол сайлау заңнамасының талаптарын қатаң сақтау, сайлау процесінің барлық қатысушылары үшін тең жағдай жасау, сайлау учаскелерінің жұмысын дұрыс ұйымдастыру, сайлау құжаттарын белгіленген тәртіппен рәсімдеу, байқаушылармен және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау мәселелеріне ерекше назар аударды.

Сондай-ақ кездесуде жазғы кезеңнің ерекшеліктері сөз болды. Бұл уақытта азаматтардың бір бөлігі демалыста болады. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясының төрағасы сайлаушылар арасында дауыс беру кезінде есептен шығару куәліктерін пайдалану тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

«Учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін ашық әрі үйлесімді жұмыс істеуге, сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге және азаматтардың сайлауға қатысуға конституциялық құқықтарын іске асыруына жан-жақты жәрдемдесуге шақырамын. Әрқайсыңыздың кәсіби әрі жауапты жұмыстарыңыз азаматтардың сайлау құқықтарының сақталуына, сайлаудың заңдылық және жариялылық қағидаттарының қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты», – деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы Ақтөбе облысы мен Жетісу облысының Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындығын тексерген болатын.