Сыртқы істер министрлігі шетелде жүрген азаматтарға консулдық есепке тұруды тағы бір ескертті
Кейінгі кезде Израильде болып жатқан әскери-саяси оқиғаларға қатысты ҚР Сыртқы істер министрлігі шетелде жүрген отандастарымызға Қазақстанның шет мемлекеттердегі дипломатиялық мекемелеріне консулдық есепке тұру қажет екенін тағы еске салды, деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Zakon.kz сілтеме жасап.
Есепке тұру үшін консулға тиісті ақпаратты, яғни төлқұжаттың көшірмесін, байланыс деректерін және тұрғылықты мекенжайын жіберуі қажет. Бұл ақпарат дипломаттарға төтенше жағдайларда біздің азаматтармен жедел балйаныс орнатуды және қажет көмек көрсетуді әлдеқайда жеделдетеді.
"Бұл ретте осы 1-2 күнде үкімет деңгейінде Тель-Авивке жіберілетін арнайы репатриациялық рейстер ұйымдастыру мәселесі пысықталып жатыр. Қазақстанның Тель-Авивтегі елшілігінің болжамы бойынша Израильде консулдық есепке тұрмаған 400-ден астам Қазақстан азаматы болуы мүмкін. Шетелдегі отандастарымыздың назарына Қазақстанның шет мемлекеттердегі дипломатиялық мекемелеріне консулдық есепке тұру қажет екенін тағы еске саламыз. Бұл процедура ерікті түрде және тегін жасалады. Сонымен қатар қашықтан жасауға болады. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Израильдегі елшілігінің жедел желі нөмірін министрлік сайтынан немесе елшіліктің әлеуметтік желідегі парақшаларынан білуге болады", - деді Айбек Смадияров.
Осы уақытқа дейін Қазақстанға оралуға 118 азаматымыз ниет білдірді. Тель-Aвивтегі Бен-Гурион атындағы халықаралық әуежай жұмысын штаттық тәртіпте жалғастырып жатыр.