Аягөз ауданы 73 қаралымabaidan.kz

Аягөз ауданы: әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны артып келеді

Аягөз ауданы: әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны артып келеді

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Аягөз ауданында әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы ӨКҚ өткен баспасөз мәслихатында Аягөз ауданының әкімі Айбек Нұғымаров баяндады. 

Аудан экономикасының негізгі салаларында оң динамика қалыптасып отыр. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында өнеркәсіп өндірісінің өсу қарқыны 146,1 пайызды құрады. Оның ішінде тау-кен өнеркәсібінде 149,4 пайыз, өңдеу өнеркәсібінде 112,3 пайыз өсім байқалды,-деді аудан әкімі.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өндірісінің нақты көлем индексі 102,4 пайызды құрап, өндірілген өнім көлемі 26 млрд 662 млн теңгеге жетті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 127,8 пайызға, тұрғын үйді іске қосу 104,3 пайызға, бөлшек сауда 119,7 пайызға, ал көтерме сауда 125,7 пайызға артты.

Ауыл шаруашылығы аудан экономикасының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Салада өндіріс көлемін арттырумен қатар, материалдық-техникалық базаны нығайтуға да басымдық берілуде. Мал шаруашылығында ірі қара саны 109,7 пайызға, ұсақ мал 102,7 пайызға, жылқы 109,9 пайызға, құс саны 115,4 пайызға өсті. 2026 жылы 26 шаруа қожалығы жалпы құны 588,4 млн теңге болатын 39 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Жыл соңына дейін тағы 70 техника алу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласына 2026 жылы 4,5 млрд теңге инвестиция тарту көзделген. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында үш кооператив жеңілдетілген несие алды.

Аудан басшысының айтуынша, жол және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға да ерекше назар аударылуда.Ағымдағы жылы Аягөз қаласында көшелердің 3,8 шақырымын орташа жөндеу және 27 мың шаршы метр аумақта шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Тарлаулы ауылында 3,4 шақырым, Қосақаш ауылында 3 шақырым жол жөнделіп жатыр. Сонымен қатар Бозай, Тарлаулы және Емелтау бағыттарындағы көпірлер бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Ақшәулі – Мыңбұлақ – Нарын автомобиль жолының 15 шақырымын асфальттау жоспарланған.

Ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Қазіргі таңда ауданның 45 елді мекенінің 43-і, яғни 97,7 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Аягөз қаласындағы су құбыры желілерін қайта жаңғырту, Ақтоғай және Қосақаш ауылдарында су мұнараларын салу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Аягөз қаласында 40,9 шақырым су құбыры желісін және сыйымдылығы 2000 текше метр болатын таза су резервуарын салу жобалары әзірленді.

Абаттандыру, жылу жүйелерін жөндеу және тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар да жалғасын табуда. 2026 жылы 80 пәтер сатып алу жоспарланған. Бұл бастамалар тұрғындарға қолайлы өмір сүру жағдайын қалыптастырумен қатар, елді мекендердің инфрақұрылымдық әлеуетін арттыруға бағытталған,-деді Айбек Серікболұлы.

Жолаушылар тасымалын субсидиялау бағытында да нақты шаралар жүзеге асырылуда. Аягөз қаласында қазіргі уақытта 5 қоғамдық көлік бағыты жұмыс істейді. Жоспарланған 10 автобустың 8-і сатып алынып, қалалық бағыттарға шығарылды. Әлеуметтік маңызы бар бағыттарды субсидиялауға 171,8 млн теңге бөлінді. Көпбалалы және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ 70 жастан асқан азаматтарға тегін жол жүру карталары берілді. Ал ауданішілік 4 бағыт бойынша 7 «Газель» автокөлігі 25 ауылды қамтып отыр.

Денсаулық сақтау саласында да тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды жобалар іске асырылуда. Аягөз аудандық көпсалалы орталық ауруханасы 53 мыңға жуық тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. Ауруханада құны 1,8 млрд теңгені құрайтын 10 төсектік жансақтау бөлімі іске қосылды. Сонымен қатар медициналық мекемеге магнитті-резонанстық томография аппараты орнатылды. Бұл өз кезегінде тұрғындарға қажетті диагностикалық қызметтерді аудан көлемінде алуға мүмкіндік береді.

Аудан әкімінің айтуынша, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау мәселелері де аудан әкімдігінің тұрақты назарында. 2026 жылы ауданда 2099 жаңа жұмыс орны ашылып, оның 1573-і тұрақты жұмыс орындарын құрады. Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында 11 адамға 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, жалпы сомасы 19 млн 30 мың теңге болатын қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді. 2026-2027 оқу жылына 354 отбасы, яғни 888 адам атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылды. Сонымен қатар 2213 көпбалалы отбасы мемлекеттік жәрдемақы алды. Санаторийлік-курорттық емге 128,3 млн теңге бөлініп, 253 адам, оның ішінде 13 бала емделуге жолданды. Кедергісіз орта қалыптастыру бағытында жоспарланған 20 нысанның 17-сі бейімделді.

Жалпы, Аягөз ауданында әлеуметтік-экономикалық өсімді қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің әлеуетін арттыру, жол және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғындарды сапалы ауыз сумен және қолжетімді әлеуметтік қызметтермен қамту бағытындағы жұмыстар кешенді түрде жүзеге асырылуда. 

Алдағы кезеңде ауданның экономикалық әлеуетін одан әрі арттыруға, инфрақұрылымды жетілдіруге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобалар жалғасын табады. Басты мақсат – Аягөз ауданының орнықты дамуын қамтамасыз етіп, тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру,-деді аудан әкімі.