Жаңасемей аудандық мәслихаты ресми түрде құрылды
Семей қаласы мәслихатының кезектен тыс XVIII сессиясы өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Абай облысы өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. Күн тәртібінде аумақтық сайлау округтері бойынша мәслихат депутаттарын бөлу, Жаңасемей аудандық мәслихатының сессиясын өткізу барысы қаралды. Сессия отырысына Семей қаласының әкімі Н. Нұрсағатов, қалалық мәслихат төрағасы Д. Шәкәрімов, «AMANAT» партиясы Абай облыстық филиалының атқарушы хатшысы С. Ысқақов, мәслихат депутаттары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес Жаңасемей аудандық мәслихаты құрылып, оның депутаттары анықталды. Олардың қатарында: Оралбек Адлет Оралбекұлы, Абильмажинов Ермек Толегенович, Ыкыбаев Дастан Кадырбекович, Казанбекова Тогжан Кумаровна бар. Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов жаңа құрамды құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
«Біз Семей қаласына қарасты ауыл-аймақтарды дамыту бойынша осы уақытқа дейін ауқымды шаралар атқардық. Семейдің даму жолы — айқын, болашағы — жарқын. Жаңадан құрылған ауданның жұмысына сәттілік тілеймін», - деді ол.
Сондай-ақ, Жаңасемей ауданы мәслихатының алғашқы сессиясы 6 қаңтар күніне белгіленді.