Бесқарағай ауданы 41 қаралымabaidan.kz

Бесқарағай ауданы: тұрақты даму және жаңа жобалар қарқыны

Бесқарағай ауданы: тұрақты даму және жаңа жобалар қарқыны

Бесқарағай ауданында әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, кәсіпкерлік, әлеуметтік сала және туризм бағыттарында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл туралы ӨКҚ өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімі Ділдар Қалиқан баяндады. Бүгінде аудан құрамына 10 ауылдық округ пен 28 елді мекен кіреді. Халық саны 16 740 адамды құрайды. Аудан аумағындағы маңызды бағыттардың бірі – орман қорын сақтау және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бесқарағай жерінде «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының 6 филиалына қарайтын 390 мың гектар орман алқабы орналасқан. Бұл салада 1 074 адам еңбек етеді. Орман өрттерінің алдын алу және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыру мақсатында биыл Жетіжар және Беген ауылдарында өрт сөндіру бекеттері салынды. Сонымен қатар, Демеу Қазақстан қорының қолдауымен 130 млн теңгеге «Семей орманы» резерватының Шадруха және Дөңгелек орманшылықтарында өрт сөндіру бекеттері бой көтеріп, пайдалануға берілді.

Аудан әкімі Ділдар Қалиқанның айтуынша, қауіпсіздік пен халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар алдағы уақытта да жалғасын табады.

«Біздің басты міндетіміз – аудан тұрғындары үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру. Бұл ретте орман өрттерінің алдын алу, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту, ауылдардың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырамыз», – деді аудан әкімі Ділдар Қалиқан.

Бесқарағай ауданында агроөнеркәсіп кешені экономиканың негізгі салаларының бірі саналады. Бүгінде аудандағы жалпы мал басы 170 552-ге жетті.

Он бір шаруа қожалығы Республикалық асыл тұқымды мал палатасының мүшесі ретінде тіркелген. Жылқы шаруашылығы бағытында «Ерназар» және «Азамат 2» ауыл шаруашылығы кооперативтері жүйелі селекциялық жұмыстар жүргізуде. Сонымен қатар Қалиқанұлы және Балке сүт-тауарлы фермалары жұмыс істеп тұр. Мал шаруашылығын дамытуға бағытталған ірі жобалардың бірі – «Жеті-Жар-Агро» серіктестігінің жобасы. Кәсіпорын биыл мал басын көбейту мақсатында 500 млн теңгеге 5 мың бас ұсақ мал сатып алды.

Ал «QAZAQ ONIMI» серіктестігі 2 мың басқа арналған мал ұстау және бордақылау алаңын салуда. Жоба іске қосылған жағдайда Семей қаласындағы ет комбинатын жергілікті жерде өндірілген етпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өсімдік шаруашылығында да оң динамика байқалады. Аудандағы жалпы егіс көлемі 66 555 гектарды құрайды. Мұнда майлы және дәнді дақылдармен қатар картоп, көкөніс және бақша дақылдары өсіріледі.

Суармалы егіншілікті дамыту мақсатында биыл екі ірі жоба жүзеге асырылуда. «Сақ Бесқарағай» серіктестігі 270 гектар аумақта 363 млн теңгеге суару жүйесін іске асыруда. Ал «Алғабас 2021» серіктестігі 609 гектар аумақта 680 млн теңгеге суару жүйесін дамыту жұмыстарын жүргізуде.

Қарабас ауылындағы «Abai Poultry Agro» серіктестігінің құны 8,5 млрд теңгені құрайтын құс фабрикасы да аудан экономикасына серпін беретін жобалардың бірі. Кәсіпорын жылына 150 млн дана жұмыртқа өндіруді жоспарлап отыр. Құс басы 480 мыңға дейін жеткізіліп, 150 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

2026 жылы «Кең Дала» бағдарламасы аясында 27 шаруа қожалығына көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 3,15 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Сонымен бірге «ҚазАгроҚаржы» бағдарламасы шеңберінде 32 фермер мен шаруа қожалығына ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 880 млн теңге қаржы берілді.

Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік саласы да тұрақты дамып келеді. Қазіргі таңда 1 167 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген.

«Қаладан ауылға» бағдарламасы аясында ауданға 51 отбасы, яғни 169 адам қоныс аударды. Алдағы уақытта еліміздің оңтүстік өңірлерінен жаңа қоныс аударушылардың келуі күтілуде.

Аудан әкімі Ділдар Қалиқанұлы бұл бағыттың ауылдардың демографиялық және экономикалық әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтті.

«Ауылдың болашағы – оның адам капиталына байланысты. Қоныс аударған отбасыларға жағдай жасау, жұмыспен қамту және кәсіп бастауына қолдау көрсету – біздің маңызды міндеттеріміздің бірі», – деді ол.

Бесқарағай тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аудан аумағындағы 24 ауылдық елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Сонымен қатар 4 блокты-модульдік станция жұмыс істейді. Нәтижесінде халықтың 79,2 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылған.

Жол инфрақұрылымын жақсарту да күн тәртібінен түскен жоқ. Аудандық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 644,8 шақырымды құрайды. Соның ішінде 223,4 шақырымында орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі бар.

Биыл Канонерка–Белокаменка бағытындағы 8,5 шақырым жолды орташа жөндеуге 646,6 млн теңге бөлініп, жұмыстар толық аяқталды.

Сондай-ақ су құбыры желілерінің құрылысы аяқталғаннан кейін орталық көшелерді қалпына келтіру мақсатында екі ауылдық округке 34 млн теңге бөлініп, ауылішілік жолдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Аудан көшелерінің жалпы ұзындығы 236 шақырым болса, оның 145 шақырымы жарықтандырылған. 2026 жылы үш ауылдық округте көше жарығын ағымдағы жөндеуге 52 млн теңге бөлініп, нәтижесінде 225 көше шамы орнатылды.

Ауданның тұрғын үй қорында 6 123 тұрғын үй бар. Тұрғын үй кезегінде 641 адам тұр. Орталықтандырылған жылыту қазандығын салу жобасы әзірленіп, қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сонымен қатар жеке құрылыс салушылардың қаражаты есебінен жаңа шағын ауданның құрылысы басталды. Жоба аясында 20 екіпәтерлі тұрғын үй салынып, 40 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған.

Жұмыспен қамту бағытында да нақты нәтижелер бар. Ауданда 290 жұмыссыз тұрғын тіркелген, ресми жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды құрайды. 42 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 589 жұмыс орнын құру жоспарланып, жоспардың орындалуы 105 пайызға жетті.

Білім беру саласында ауданда 21 жалпы білім беретін мектеп, 1 мемлекеттік және 2 жекеменшік балабақша, 2 қосымша білім беру ұйымы және 19 шағын орталық жұмыс істейді. Мектепке дейінгі біліммен 631 бала қамтылса, мектептерде 2 671 оқушы білім алуда. Аудандағы Бесқарағай колледжінде 2026–2027 оқу жылында 198 студент білім алып жатыр.

Мәдениет пен шығармашылық саласына да ерекше көңіл бөлінуде. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен аудандық Шығармашылық үйі 109,7 млн теңгеге заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Жаңартылған нысанның салтанатты ашылуы өтті.

Бесқарағай ауданында халыққа медициналық көмекті аудандық аурухана, 8 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік және 15 медициналық пункт көрсетеді. Биыл медициналық ұйымдарға 22,4 млн теңгеге фармацевтикалық тоңазытқыш, портативті рентген аппараты, холтер және қан қысымын тәуліктік мониторингтеу құрылғылары сатып алынды. Кадрлық әлеуетті күшейту бағытында да жұмыстар жүргізіліп, 2026 жылы ауданға 6 дәрігер және 8 орта буын медицина маманы жұмысқа қабылданды.

Ветеринариялық инфрақұрылымды нығайту мақсатында Қарағайлы, Глуховка, Долон, Жетіжар және Қарабас ауылдарында жалпы құны 150 млн теңге болатын 5 ветеринариялық пункттің құрылысы басталды.

Бұдан бөлек, Бесқарағай, Қарағайлы, Беген, Глуховка, Бөдене және Қарабас ауылдарында жалпы құны 147 млн теңгеге 6 мал қорымын салу жұмыстары жүргізілуде. Аудан бойынша бруцеллезге қатысты эпизоотиялық жағдай тұрақты.

Бүгінде аудан аумағында 1 Мәдениет үйі, 10 ауылдық клуб, 1 орталық кітапхана және 18 ауылдық кітапхана халыққа қызмет көрсетеді.Беген, Ерназар және Глуховка ауылдарында жалпы құны 1,2 млрд теңгені құрайтын 100 орындық ауылдық клубтардың құрылысы жүріп жатыр. Нысандарды 2027 жылы аяқтау жоспарланған.

«Қазақстан халқына» қорының «Kitap–Lab» жобасы аясында аудандық орталық кітапхананы жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Спорт саласында да жаңа нысандар бой көтеруде. Ауданда спортпен тұрақты айналысатындар саны 6 867 адамға жетіп, бұл аудан халқының 47 пайызын құрайды. Аудан орталығында жүзу бассейнінің, ал Ерназар ауылында спорт модулінің құрылысы жүргізілуде. Бассейн құрылысын жыл соңында аяқтап, пайдалануға беру жоспарланса, Ерназар ауылындағы спорт модулінің құрылысы 2027 жылы аяқталады деп күтілуде. Соңғы жылдары Бесқарағай ауданында туризмді дамытуға да ерекше мән беріліп келеді. Қазіргі уақытта ауданда 5 демалыс базасы және 2 балаларды сауықтыру лагері жұмыс істейді. Республика күні қарсаңында Глуховка ауылдық округінде «Барқытбел» демалыс кешенін ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ауданның туристік әлеуетін арттыруда Шипалы көлінің орны ерекше. Көл аумағын дамыту мақсатында электр энергиясын тарту жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 197 млн теңге. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталу сатысында. Биыл Шипалы көлінде құтқару бекеті іске қосылып, демалыс орындары қалпына келтірілді. Автокөлік тұрағы әзірленіп, қоқыс жинауға арналған арнайы орындар белгіленді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы Бесқарағай ауданында да кең көлемде қолдау тауып отыр. Жыл басынан бері аудан аумағынан 26 мың тонна тұрмыстық және құрылыс қалдықтары шығарылып, 7 мың түп ағаш отырғызылды. Жалпы аудан бойынша 80 экологиялық акция және 52 сенбілік ұйымдастырылды.

Аудан әкімі Ділдар Қалиқанның пікірінше, қоршаған ортаны қорғау тек мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

«Туған жердің тазалығы мен табиғатын сақтау – әр азаматтың жауапкершілігі. «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар бір күндік науқанмен шектелмей, тұрақты сипат алуы тиіс. Аудан тұрғындарының бастамаларды қолдап, сенбіліктерге, көгалдандыру жұмыстарына белсенді қатысуы – ортақ жауапкершіліктің нақты көрінісі», – деді Ділдар Қалиқан.

Бүгінде Бесқарағай ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалардың негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамыту және елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғырту. Алдағы кезеңде де ауданның экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану, инвестициялық жобаларды іске асыру және әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғаса бермек.