Абай облысының әкімі «Ауыл» кеден бекетінде болды

Абай облысының әкімі «Ауыл» кеден бекетінде болды

Облыс әкімі Берік Уәли Бородулиха ауданына жұмыс сапары барысында Қазақстан-Ресей шекарасында орналасқан «Ауыл» өткізу бекетінде болды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл кеден бекетінің тәулігіне 3 000 адам мен 1500 көлікті өткізуге мүмкіндігі бар. Нысанда 84 адам еңбек етеді. Шекаралық бақылау пункті 2011 жылы кеден бекетінің ғимаратына орналастырылған. Содан бері жөндеу жүргізілмеген. 2026 жылы бекетті реконструкциялау жұмысы басталады. 

Облыс әкімі кеден бекетін жаңғыртудың Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-саттықтың ұлғаюына тигізер әсері зор екенін атап өтті. 

«Бородулиха - Ресеймен шекарада орын тепкен аграрлық, туристік әлеуеті зор аудан. Ал «Ауыл» кеден бекетінің аудан экономикасы үшін маңызы зор. Сондықтан бекеттің мүмкіндігін кеңейту жұмысын жалғастыру керек» деді аймақ басшысы.

Семей қаласы мен «Ауыл» кеден бекеті аралығындағы республикалық маңыздағы жолдың сапасы сын көтермейді. Облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының хабарлауынша, жолдың 27 шақырымына биыл орташа жөндеу жүргізілмек. Бұған республикалық бюджеттен 2 млрд теңге бөлінген. Ал келесі жылы осы жолдың қалған 42 шақырымы аяқталмақ. Қазір жобалық-техникалық құжаттамасы дайындалып жатыр.


#Абай облысы, #Шекара, #Абай облысының әкімі, #Бородулиха ауданы, #кеден