Облыс әкімі Бородулиха ауданындағы көктемгі су тасқынына қарсы дайындық барысымен танысты
Облыс әкімі Берік Уәли Бородулиха ауданына жұмыс сапарымен барды. Аймақ басшысы бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралап, өңірдің дамуына қатысты нақты тапсырмалар берді,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімі аудандағы жұмыс сапарын Төтенше жағдайлар бөлімінің жұмысымен танысудан бастады. Бұл жерде аймақ басшысына аудандағы көктемгі су тасқынына қарсы дайындық шаралары туралы баяндалды. Арнайы техникалардың көрмесі ұсынылды.

Қазіргі таңда Бородулиха ауданындағы 46 елді мекеннің 5-уін су басу қаупі бар. Соған орай тәуекел аймағындағы ауылдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысы жүргізілуде. 149 су өткізу құбыры, 15 көпір, 14 арна қардан тазартылған.

Аудан аумағынан 25 мың текше метр қар шығарылып, Үбі өзенінің жағалауын бекіту жұмысы жүргізілді. 750 тонна инертті материал, 7 мың қап, 14 тонна дизель отыны мен 3 тонна АИ-92 жанармайы дайындалды.

Су тасқынына қарсы шараларға 25 техника мен 11 мотор сорғысы тартылып, 127 маман жұмылдырылды. Төтенше жағдай туындағанда тұрғындарды уақытша орналастыру үшін 6 эвакуациялық пункт әзірленді.
Аймақ басшысы тиісті құрылымдарға жағдайды күнделікті бақылауды тапсырды.
«Қар еріп кеткенімен өзендер тасуы мүмкін. Барлығына дайын болуымыз керек. Сол себепті жағдайды күнделікті қатаң бақылауда ұстаңыздар» деді облыс әкімі.
#Абай облысы, #Абай облысының әкімі, #Бородулиха ауданы, #су тасқыны