Бородулиха ауданы 73 қаралымabaidan.kz

Бородулиха ауданында оң динамика сақталуда

Бородулиха ауданында оң динамика сақталуда

Бородулиха ауданында экономиканың негізгі салаларында өсім сақталып, ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жұмыстар жалғасуда. Өнеркәсіп өндірісі ұлғайып, инвестиция көлемі артқан. Ал ауылдық елді мекендерде жол, су, жарықтандыру, тұрғын үй және интернет мәселелерін шешуге басымдық берілуде. Бұл туралы аудан әкімі Талғат Мұратов ӨКҚ өткен брифингте айтты.

2026 жылдың қаңтар–тамыз айларындағы көрсеткіштер аудан экономикасында оң динамика бар екенін көрсетеді. Осы кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 60 млрд 216 млн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 114 пайызды құрады. Оның негізгі үлесі тау-кен өнеркәсібіне тиесілі. Сонымен бірге өңдеу өнеркәсібінде де өсім байқалады.

Ауданға инвестиция тарту жұмыстары да жанданып келеді. Сегіз айда негізгі капиталға 30 млрд 215 млн теңге инвестиция салынды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 11 млрд 437 млн теңгені құрап, өткен жыл деңгейінің 164 пайызына жетті.

Аудан әкімі Талғат Мұратов бұл көрсеткіштердің артында нақты жобалар мен өндірістерді дамыту міндеті тұрғанын атап өтті.

«Біз үшін қолданыстағы өндірістерді сақтап қана қоймай, жаңа кәсіпорындардың ашылуына және жұмыс істеп тұрған өндірістердің кеңеюіне жағдай жасау маңызды», — деді аудан әкімі.

Бородулиха үшін ауыл шаруашылығы дәстүрлі түрде маңызды сала болып қала береді. Биыл ауданда 360 мың гектардан астам алқаптан өнім жиналуда. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау толық аяқталып, 157,1 мың гектардан 149 мың тонна астық бастырылды. Алайда биылғы ауа райының қолайсыздығы егін өнімділігіне әсер етті. Қазір майлы дақылдарды жинау жалғасып жатыр. Шаруалардың күзгі науқанды уақытылы өткізуіне жағдай жасау үшін 6 490 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Бұған қоса ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қаржыландыру және техникалық жарақтандыру жалғасуда. Жыл басынан бері шаруашылықтар 2 млрд 672 млн теңгеге 71 бірлік техника мен жабдық сатып алды. Аудан агроөнеркәсіптік кешенге жаңа инвестициялар тартуға да мүдделі. Жаңа Шүлбі ауылында астық қоймасының қуатын арттыру және тұқым өндіру желісін құру жобасы іске асырылуда. Ал 2027 жылға күнбағысты қайта өңдеп, өсімдік майын өндіретін жаңа кәсіпорын ашу жоспарланған.

«Біздің міндетіміз — тек егін жинау науқанын қамтамасыз ету емес. Ауыл шаруашылығын одан әрі дамытуға, техниканы жаңартуға, инвестиция тартуға және шикізатты аудан аумағында сақтап, қайта өңдеуге жағдай жасауымыз қажет», — деді Талғат Мұратов.

Экономикалық көрсеткіштермен қатар тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Биыл жол, сумен жабдықтау, жарықтандыру, тұрғын үй және абаттандыру бағыттарындағы жобалардың жалпы көлемі 1,3 млрд теңгеден асты.Жалпы ұзындығы 10,6 шақырым болатын автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бородулиха ауылындағы сегіз көшеде жөндеу аяқталса, Михайличенково ауылындағы көшелерде жұмыстар жалғасуда. Алдағы жылға да бірнеше жол учаскесін жөндеу жоспарланған.

Сумен жабдықтау бағытында Переменовка ауылындағы жоба аяқталуға жақын. Мұнда 165 тұрғын үйге су тартылып, 34 шақырым су құбыры желісі төселді. Жобаның дайындық деңгейі 98 пайызға жетті. Басқа елді мекендерде де су жүйелерін жаңғырту бойынша жобалар әзірленуде.

Аудандағы 299 көшенің 173-і жарықтандырылған. Бұл көрсеткішті арттыру жұмыстары бюджет мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен жалғаспақ.

Тұрғын үй мәселесі де күн тәртібінде. Биыл 2313 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 604 адам тұр. Бородулиха ауылында көппәтерлі тұрғын үй салу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Ауыл тұрғындарының цифрлық мүмкіндіктерін кеңейту үшін 22 елді мекенге жоғары жылдамдықты интернет жеткізу жобасы жүзеге асырылуда.

Ауданда ауылдық аумақтардың әлеуетін арттыруға бағытталған шаралар да бар. «Қаладан ауылға» жобасы аясында ауданға 52 отбасы — 157 адам қоныс аударды.

Ал «Таза Қазақстан» акциясы аясында биыл 26 сенбілік өткізіліп, 12,5 мың тоннаға жуық қалдық шығарылды. Рұқсат етілмеген 14 қоқыс үйіндісі анықталып, жойылды.

Бородулиха ауданы үшін алдағы кезеңдегі міндеттер айқын: инвестиция тарту, өндірісті дамыту, ауыл шаруашылығын қолдау және елді мекендердің инфрақұрылымын жаңарту. Мұның барлығы түптеп келгенде тұрғындардың тұрмыс сапасына әсер ететін нәтижелерге бағытталмақ.

«Алда әлі де атқарылатын жұмыстар көп. Біздің мақсатымыз — инвестиция тарту, бизнесті және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау, инфрақұрылымды дамыту және жаңа жұмыс орындарын құруға жағдай жасау», — деді аудан әкімі.