Абай облысында 24 мыңнан астам оқушы әлеуметтік қолдаумен қамтылды

Абай облысында 24 мыңнан астам оқушы әлеуметтік қолдаумен қамтылды

Өңірде жаңа оқу жылының басынан мемлекет тарапынан әлеуметтік осал топтағы балаларға кешенді қаржылай және материалдық көмек көрсетіледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Әсем Нускенова мәлімдеді.

- Биыл «Жалпыға бірдей білім беру қоры» есебінен қаржыландыру көлемі 7 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда екі есе артты. 2025-2026 оқу жылында 24 545 оқушы мектеп формасы және кеңсе тауарларымен қамтамасыз етіледі. Осы мақсатта 1 млрд 134 млн теңге бөлініп, әр ата-ананың есепшотына 46 228 теңге аударылуда, – деді басшы орынбасары.

Спикердің айтуынша, осы жылдың қаңтарынан бастап облыс мектептерінде тегін тамақтандырудың орташа құны 660 теңге, буфеттік тамақтандыру 450 теңге болып бекітілген.

- 1 тамыз – 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» республикалық акциясы өтуде. Акция аясында облыс бойынша демеушілер есебінен 1 555 балаға 6,4 млн теңге көлемінде материалдық, 52 балаға 2,3 млн теңге қаржылай көмек көрсетілді. Сондай-ақ аймақта ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеп отырған қамқоршылар мен патронат тәрбиешілер ай сайын 10 АЕК көлемінде жәрдемақы және 120 мың теңге жалақы алады, - деп түйіндеді Әсем Нускенова.


#Абай облысы, #Білім, #Оқушы, #білім беру, #әлеуметтік төлем