АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ МЕКТЕПТЕРІ ОҚУ ЖЫЛЫНА 100% ДАЙЫН
Білім ордаларындағы күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталып, пәндік кабинеттер қажетті жабдықтар мен оқулықтарға толықтырылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Абай облысы Білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиев баяндады.
- Апатты мектептердің мәселесі "Жайлы мектеп" пилоттық Ұлттық
жобасы шеңберінде және білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен шешіледі. Сондай-ақ, 2023 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары аясында 140 мектепке 274 жоба бойынша 2 млрд. теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 156 жоба аяқталды, - деп атап өтті Нұржан Ахметқалиев.
Сонымен қатар, білім беру мекемелерінің жылу маусымына дайындығы 97% құрайды. Ағымдағы жылы 1,1 млрд. теңге сомасына 73 925 тонна көмір сатып алуға шарт жасалып, оның 10 тамызда 80% жеткізілген.
- "Білімді ұлт" ұлттық жобасын орындау аясында биыл 36 мектеп үшін 36 кабинетті жабдықтауға 408,2 млн. теңге бөлінді (10 – биология, 10 – физика, 10 – химия және 6 – STEAM). Сонымен қатар, 246 778 оқулық сатып алуға 569,2 млн теңге қарастырылды. Оқулықтарды дайындау мен тасымалдауға шілде айында келісімшарттар жасалған, - деп қорытындылады Білім басқармасының басшысы.
Тағы бір айта кететін жайт, биыл облыстың барлық мектептерінде бейнебақылау жүйелері мен дабыл тетіктері орнатылған.