Жарма ауданының мектептеріне мониторинг жүргізілді
Абай облысы Жарма ауданының Новотаубинка ауылындағы бастауыш мектебінде, сондай-ақ Георгиевская және Маяковский атындағы орта мектептерде білім беру сапасы, оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамту, асхана қызметкерлерінің тазалығы және жалпы санитарлық талаптардың сақталуы бойынша бақылау жүргізілді. Баспасөз турына “AMANAT” партиясы Абай облыстық және Жарма аудандық филиалдарының өкілдері мен аудан әкімдігі қатысты.


- Мектептердің жағдайы өте жақсы, себебі білім беру саласында үздіксіз жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылы бірнеше мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары толық көлемде жүзеге асырылды. Бұл жұмыстар аясында ғимараттардың құрылымдық жағдайын жақсартумен қатар, заманауи талаптарға сай жаңартулар енгізілді. Атап айтқанда, оқу ғимараттарында қазіргі уақытта медиа кабинет, технология кабинеттері және информатика кабинеттері ашылып, толығымен жаңартылды. Осы жаңартулар мектептердің оқу процесін заманауи талаптарға сай жүргізуге, оқушылардың білім деңгейін арттыруға және олардың болашаққа деген дайындығын күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар, жүргізілген жөндеу жұмыстары ғимараттардың эстетикалық көрінісін жақсартып, қауіпсіз әрі ыңғайлы оқу ортасын қамтамасыз етті,- деді Маяковский атындағы орта мектебінің директоры Алия Даутова.


Жарма ауданында бірнеше мектептердің ғимараттары жөндеу жұмыстарын талап етеді. Аудан әкімдігі мен білім беру басқармасы жүргізген жан-жақты талдау нәтижесінде, кейбір оқу орындарының қазіргі жағдайы заманауи талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. Бұл мәселелер оқушылардың қауіпсіздігі мен білім сапасына тікелей әсер ететіндігін атап өтті Новотаубинка бастауыш мектебінің меңгерушісі Толқын Жақсыбаева.
- 1963 жылы салынған Новотаубинка ауылындағы бастауыш мектепте ауқымды жөндеу жұмыстары іске асырылуы жоспарланып отыр. Жөндеу жұмыстары аясында ғимараттың құрылымдық жағдайын нығайту, ескірген инженерлік жүйелерді жаңарту, оқу залдары мен кабинеттерді заманауи технологияларға сай жабдықтауды қажет етеді. Сонымен қатар, мектептің санитарлық-гигиеналық талаптарына сай қамтамасыз ету мақсатында асхана мен санитарлық бөлмелердің жағдайын толық қайта құру, қауіпсіздік шараларын күшейту жұмыстары да жүргізіледі деп күтеміз, -деді мектеп меңгерушісі.
#Абай облысы, #Білім, #мектеп, #Жарма ауданы