Нұрлан Ұранхаев студенттермен кездесті
Биыл Шәкәрім атындағы университетке 90 жыл . Мереке аясында бірқатар іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланған. Осы орайда облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев «Білімді жастар – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты қозғаушы күші» тақырыбында дәріс өткізіп, жастарға өз тәжірибесімен бөлісіп, болашаққа деген көзқарасын білдірді,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жаңа өңірдің алдына қойған жоспарлары өте ауқымды. Сөз жоқ, 25 жыл облыс мәртебесінен айырылып, өңір экономикасы тұралап қалды. Түйткілді мәселелер өте көп. Бірақ, алғашқы нәтижелер, ісімізге сенім ұялатады. Олардың қатарын кім толтыратыны, болашақта бізбен бірге кім қалатыны өзімізге байланысты, бұл біздің ортақ ісіміз», – деді облыс әкімі.Дәріс барысында облыс әкімі IT саласы мен жасанды интеллектті дамыту жоспарына тоқталды. Ол креативті индустрияның және жастардың ғылыми зерттеулері мен стартаптарын қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
«Жаңадан құрылған Абай облысының дамуы – өздеріңіздей мамандар қолында. Ел Президентінің арнайы тапсырмасымен облыстағы жоғары оқу орындарына қосымша 500 грант бөлінді. Араларыңда сол грантты иеленген студенттердің отырғаны қуантады. Кез келген қоғам үшін сапалы маман әрқашан бағалы! Сондықтан, осында отырған әр маман, Семейді, Абай елін көркейтуге күш салады деп сенемін», - деп қосты Нұрлан Ұранхаев.
Студенттер өз кезегінде жастар бағдарламасы, ғылым, ақпараттық технологиялар, креативті индустрия және т.б. салаға қатысты сауалдарын қойды. Айта кетсек, жиналғандар үшін ғылыми көрме ұйымдастырылды. Университет студенттері әзірлеген стартап, жоба мен бағдарламалар ұсынылды. Аймақ басшысы Радиоэкологиялық ғылыми-зерттеу орталығында да болды.
Зертхананың қызметі химиялық талдау, сканерлік электронды микроскопия, дозиметрия және радиациялық бақылауды қоса алғанда, аналитикалық әдістерді қолдана отырып, заттардың қасиеттерін зерттеуге бағытталған.
#Абай облысы, #Абай облысының әкімі, #студент