Семейде республикалық «Абай оқулары» шығармашылық байқауы басталды
Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын насихаттап, жас ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру мақсатында Семей қаласында республикалық «Абай оқулары» шығармашылық конкурсы басталды. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен Абай облысының білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырған дәстүрлі білім додасы 21-24 маусым аралығында өтеді.

Ауқымды шараның басты мақсаты – қазақ халқының әдеби мұрасын кеңінен насихаттау, оқушылардың классикалық әдебиетке қызығушылығын арттыру, сондай-ақ Абай мен Шәкәрім шығармаларындағы терең философиялық ойды, көркемдік танымды және адамгершілік құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру.

Биылғы конкурсқа еліміздің барлық өңірлерінен жалпы саны 132 оқушы қатысуда. Облыстық кезеңде үздік нәтиже көрсеткен дарынды оқушылар бес номинация бойынша бақ сынайды. Атап айтқанда, қатысушылар «Абайдың асыл мұрасы», «Абайдың ақын шәкірттері», «Әнді сүйсең, менше сүй», «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» және «Сөз өнеріндегі ұлы Абай бейнесі» номинациялары бойынша өз білімдері мен шығармашылық қабілеттерін көрсетеді.

Конкурс барысында оқушылар Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін, ақын шәкірттерінің шығармаларын жатқа оқып, әндерін орындаса, жас ақындар өз туындыларын ұсынады. Сонымен қатар қатысушылар Абай тұлғасының көркем әдебиеттегі бейнесіне талдау жасап, әдеби шығармалар бойынша білімдерін дәлелдейді. Қатысушылардың өнері мен дайындығын еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары мен тәжірибелі мамандарынан құралған білікті қазылар алқасы бағалайды.

Әл-Фараби Жомартканов, байқауға Астана қаласынан келген қатысушы:
- “Абай оқулары” байқауына алғаш қатысуым. Кішкентай кезімнен ақындыққа қызығамын. Өлең шығарып, жыр шуақтарын жазамын.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен, алтын, күміс және қола медальдармен марапатталады. Сондай-ақ «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының грамоталары табысталып, барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар беріледі.

Ұлы Абай мұрасын ұлықтап, жас ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесіне үлес қосатын республикалық «Абай оқулары» дарынды оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және ұлттық әдебиетке деген құрметін арттыруға бағытталған маңызды білім алаңы.
#Абай облысы, #Білім, #байқау, #Абай оқулары