Білім 61 қаралымabaidan.kz

Абай облысының студенті WorldSkills Shanghai 2026 чемпионатында Қазақстанға алғашқы қола медаль әкелді

Абай облысының студенті WorldSkills Shanghai 2026 чемпионатында Қазақстанға алғашқы қола медаль әкелді

Абай облысының жастары халықаралық кәсіби шеберлік додасында тағы бір биікті бағындырды. Семей қаласындағы Электротехникалық колледждің студенті Руслан Нестеренко кәсіби шеберліктен өткен 48-ші әлем чемпионаты – «WorldSkills Shanghai 2026» байқауында қола медаль иеленді. Бұл – Қазақстанның аталған құзыреттілік бойынша әлем чемпионатындағы алғашқы қола жүлдесі. Аймақ басшысы Берік Уәли әлемдік додада ел намысын абыроймен қорғаған студентпен кездесіп, оның жеңісін жоғары бағалады. Кездесуге Электротехникалық колледждің директоры Марат Серікұлы мен Руслан Нестеренконың тәлімгері, оқу-өндірістік шеберханаларының шебері Нұрбол Жүнісов қатысты.

Абай облысының студенті WorldSkills Shanghai 2026 чемпионатында Қазақстанға алғашқы қола медаль әкелді

Руслан Нестеренко әлем чемпионатында «Ұшқышсыз авиациялық жүйелер» құзыреттілігі бойынша бақ сынады. Айта кетерлігі, бұл бағыт «WorldSkills Shanghai 2026» чемпионатының бағдарламасына биыл алғаш рет енгізілді.

Жас маман байқау барысында ұшқышсыз аппараттарды құрастыру, ұшу контроллерлерін бағдарламалау, сенсорларды баптау және жоғары дәлдіктегі пилоттау бойынша күрделі тапсырмаларды орындады. Нәтижесінде әлемнің үздік жас мамандары арасынан үздік үштіктен көрінді.

Абай облысының студенті WorldSkills Shanghai 2026 чемпионатында Қазақстанға алғашқы қола медаль әкелді

Аймақ басшысы Руслан Нестеренконы, оның тәлімгерін және колледж ұжымын айтулы жетістігімен құттықтады.

«Бұл – халықаралық деңгейдегі елеулі жетістік және біздің өңіріміз үшін үлкен мақтаныш. Ұшқышсыз авиациялық жүйелер – заманауи технологиялардың қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі. Бүгінде бұл технологиялар өнеркәсіптен ауыл шаруашылығына, геологиядан аумақтарды мониторингілеуге, қауіпсіздік саласына дейін кеңінен қолданылып жүр. Осындай заманауи бағытта біздің студентіміз әлемдік деңгейде нәтиже көрсетті.Русланның жетістігі – оның жеке еңбегімен қатар, оқытушылардың, өндірістік оқыту шеберлерінің және колледждің бүкіл ұжымының жүйелі жұмысының нәтижесі. Бұл жеңіс жастарымыздың кәсіби білім мен заманауи технологияларды меңгеруге деген қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді», – деді Берік Уәли.

Кездесу барысында облыс әкімі Руслан Нестеренкоға, оның тәлімгері Нұрбол Бақытбекұлына және Электротехникалық колледж директоры Марат Серікұлына құрмет көрсетіп, қаржылай сертификат табыс етті.

Абай облысының студенті WorldSkills Shanghai 2026 чемпионатында Қазақстанға алғашқы қола медаль әкелді

Жас чемпион өз кезегінде қолдау көрсеткен ұстаздары мен тәлімгерлеріне алғысын білдірді.

«Чемпионатқа дайындық кезінде қолдау көрсетіп, ақыл-кеңесін берген ұстаздарыма, тәлімгерлеріме және колледж ұжымына үлкен алғыс айтамын. Жастарға әрдайым қолдау көрсетіп, білім алып, өз қабілетімізді көрсетуімізге мүмкіндік жасап отырғандарыңыз үшін рақмет. Осындай мүмкіндіктердің арқасында студенттер өздерін дамытып, түрлі жарыстарда бақтарын сынай алады», – деді Руслан Нестеренко.

Русланның тәлімгері Нұрбол Бақытбекұлының өзі де кәсіби шеберлік бағытында жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Биыл Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен CICA Skills Competition халықаралық байқауында екінші орын иеленген маман «WorldSkills Kazakhstan» республикалық чемпионатында сарапшы ретінде қызмет атқарады.

Абай облысының студенті WorldSkills Shanghai 2026 чемпионатында Қазақстанға алғашқы қола медаль әкелді

Биылғы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 31 құзыреттілік бойынша 33 колледж студентінен жасақталды. Ұлттық құраманың жалғыз қола медалін Абай облысының студенті жеңіп алды. Бұл жетістіктің тағы бір ерекшелігі – «Ұшқышсыз авиациялық жүйелер» құзыреттілігі бойынша Қазақстанның әлем чемпионатында алғаш рет қола медаль иеленуі. Осылайша, Семейлік студенттің жеңісі елдің техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі жаңа мүмкіндіктердің әлеуетін көрсетіп, жас мамандардың заманауи технологияларды меңгеруіне тың серпін берді.

70 жылдық тарихы бар Семейдегі Электротехникалық колледж бүгінде еңбек нарығына қажетті техникалық мамандар даярлайтын маңызды білім беру ошақтарының бірі. Руслан Нестеренконың халықаралық аренадағы жетістігі колледж ұжымының кәсіби білім мен практикалық дағдыларды ұштастыра отырып, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау бағытындағы жұмысының нәтижесін айқын көрсетті. Абай облысы үшін бұл жеңіс – жас маманның жеке жетістігі ғана емес, өңірдегі техникалық және кәсіптік білім берудің әлеуетін танытқан маңызды нәтиже.