Жастарды жұмысшы мамандықтарға баулу – өңір дамуының жаңа серпіні
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өңірде жастарды кәсіби бағдарлау және техникалық, инженерлік бағыттарға қызығушылығын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Бүгін оқушылар цемент зауытына экскурсия жасап, өндіріс барысын көріп, заманауи технологиялар мен еңбек жағдайымен танысты.

– Қазіргі өндіріс тек станок пен цех емес, ол автоматтандыру мен цифрландыруға негізделген жоғары технологиялық орта екенін жастар ұғынуы қажет. Мұндай кездесулер олардың еңбек нарығы талаптарымен танысып, тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді, – деді Абай облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қаблан Қамбарбеков.
Бұл бастама жастардың жұмысшы мамандықтарға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, білім беру жүйесі мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтады. Нәтижесінде өңірдің кадрлық әлеуеті күшейіп, өнеркәсіп саласының дамуына жаңа серпін берілмек.

-Мұндай экскурсиялардың ұйымдастырылып жатқанына өте қуаныштымын. Айтылғандай, «жүз рет естігенше, бір рет көрген артық». Осындай шаралар жиі өткізіліп тұрса екен деймін, себебі олар мамандық таңдауда үлкен көмек береді,- дейді №1 жалпы орта білім беретін мектептің оқушысы Марк Золотов.
#Абай облысы, #жастар, #Жұмысшы мамандықтары жылы