Жоғары IT және робототехника колледжінде құрылыс жұмыстары жүргізіледі
Абай облысында IT саласы қарқынды дамып келеді. Бұған жас мамандар, студенттер мен мектеп оқушыларының әзірлеген көптеген жаңа цифрлық жобалары мен қосымшалары дәлел бола алады. Олардың өнер табыстары қазіргі заманға сай, әрі бүкіл республика бойынша кеңінен таралды. Осы бастамаларды одан әрі дамытып, қолдау үшін Семейде Жоғары IT және роботехника колледжін ашу жоспарлануда. Колледж Затаевич көшесі, 4 мекенжайында орналасады,-деп хабарлайды abaidan.kz агенттігі облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары аяқталды. Жақын арада құрылыс басталады. Осыған байланысты облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев аталған білім ошағында болып, ағымдағы жұмыстармен танысты.
Ғимаратта энергияны үнемдеу және жылыту жүйелерін орнату жұмыстары жүргізілді. Енді ғимараттың шатыры мен қасбетін жөндеу, оқу корпусының ішкі әрлеуі, жылыту және жарықтандырудың «ақылды жүйелерін» енгізу, сондай-ақ жеделсаты орнату жоспарда бар. Сонымен қатар, колледж базасында интерактивті мұражай құрылып, гардероб толығымен роботтандырылады.
Аймақ басшысы жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, барлық жұмыстар мерзімінде аяқталуы тиіс екендігін атап өтті. Осыған байланысты жұмысты жеделдетуді және мердігер ұйымдармен арадағы шарттарды жасасуды тапсырды. Сонымен қатар Нұрлан Ұранхаев колледждің болашақ жобасымен танысты.
Колледж сапалы IT-мамандар даярлайтын орынға айналуы тиіс екенін, сондықтан барлық қажетті жағдайларды жасау керектігін тілге тиек етті.