Абай облысында БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі салтанатты түрде аталып өтті

Абай облысында БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі салтанатты түрде аталып өтті

Абай облысында Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара ұйымдастырылып, ақпарат саласының дамуына үлес қосып жүрген журналистер мен медиа ұйымдардың еңбегі жоғары бағаланды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі.  Мерекелік жиында облыс әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов аймақ басшысы Берік Уәлидің құттықтауын жеткізіп, бұқаралық ақпарат құралдарының қоғам мен мемлекет арасындағы алтын көпір ретіндегі маңызды миссиясына тоқталды. Ол журналистердің елдегі оң өзгерістерді насихаттап, қоғамдық пікір қалыптастырудағы және ақпараттық кеңістіктің сапасын арттырудағы еңбегін ерекше атап өтті.

Кәсіби мереке қарсаңында облыс әкімінің «Журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» сыйлығының иегерлері анықталды. Байқау жеңімпаздары «Әділетті Қазақстан», «Еңбек адамы», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», «Ауыл – ел бесігі», «Жасанды интеллект және цифрлық даму», «Білімді ұлт», «Объективтегі өмір», «Киелі Абай елі» секілді маңызды тақырыптық номинациялар бойынша марапатталды. Сонымен қатар өңірдегі бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының ұжымдары мен журналистерге облыс әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді.

Салтанатты жиында ардагер журналист Марат Жұмабаевқа «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ Қазақстан Журналистер одағының Алтын медалі меценат әрі кәсіпкер Қайрат Кенжебаевқа берілді. Бұдан бөлек, ұйымның Құрмет грамоталары табысталып, бірнеше БАҚ өкілі Қазақстан Журналистер одағының қатарына қабылданды.

Мереке күні журналистика саласы үшін тағы бір жағымды жаңалық белгілі болды. Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің журналистикасын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Абай» республикалық фольклорлық-этнографиялық, әдеби-көркем журналының директоры Райхан Шарапиева «Құрмет» орденімен марапатталды. Мәртебелі марапатты ол Ақордада Қазақстан Президентінің қолынан алды.

Абай облысында өткен салтанатты шара бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қоғамдағы орны мен беделін айқындап, журналист мамандығына деген құрметтің жарқын көрінісі болды.


#Абай облысы, #мереке, #БАҚ