Ақ халатқа артылған аманат: «Amanat» қолдауымен Қарауылда медицина кадрлары мәселесі шешілуде

Ақ халатқа артылған аманат: «Amanat» қолдауымен Қарауылда медицина кадрлары мәселесі шешілуде

Ауылдағы ағайын үшін дәрігердің жақын болуы – жай ғана қызмет емес, өмір сапасы мен қауіпсіздіктің кепілі. Себебі шалғай елді мекендерде бір маманның жетіспеуі ондаған адамның дер кезінде ем ала алмауына әсер етеді. Абай облысының Абай ауданына қарасты Қарауыл ауылында да бұл мәселе ұзақ уақыт бойы өзекті болып келді. Ауыл тұрғындары дәрігер жетіспеушілігі салдарынан кезек көбейіп, кей қызмет түрлеріне қолжетімділік төмендегенін айтқан. Әсіресе терапевт, анестезиолог-реаниматолог секілді маңызды мамандардың тапшылығы тұрғындарды алаңдатты. Көп жағдайда науқастар Семей қаласына немесе облыс орталығына баруға мәжбүр болды. Ал шұғыл жағдайларда уақытпен санасудың өзі қиындық туғызатын. Бұл мәселе тұрғындармен кездесулер кезінде де бірнеше рет көтеріліп, бүгінде «AMANAT» партиясының қолдауымен шешімін тапты. Партияның 2023–2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында ауыл медицинасына ерекше басымдық берілді. Ауылдық жерлерге баратын жас медицина мамандарын қолдау тетіктері қарастырылып, 100 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі көтерме қолдау енгізілді. Осыған байланысты «AMANAT» партиясының депутаттары Үкіметке бірнеше рет депутаттық сауал жолдап, мәселені көтерді. Осы жүйелі жұмыстың нәтижесінде Абай аудандық ауруханасына екі жас маман келіп, қызметін бастады. Олар – терапевт дәрігер Асем Шартыкова мен анестезиолог-реаниматолог Темірұлан Шаяхметов.

Темірұлан Шаяхметов Семей медицина университетінде анестезиология және реанимация мамандығы бойынша резидентураны аяқтаған соң туған өңірге оралуды таңдаған.

– «Семей медицина университетінің анестезиология және реанимация мамандығы бойынша резидентураны тәмамдадым. Одан кейін Абай аудандық ауруханасына жұмысқа орналастым. “AMANAT” партиясының қолдауымен қайтарымсыз 100 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі грант иесі атандым. Бұл біз сияқты жас мамандар үшін өте үлкен көмек әрі мүмкіндік. Ақ халат – жай мамандық емес, бұл бізге аманат», – дейді жас дәрігер.

Ал терапевт Асем Шартыкова үшін дәрігер болу – бала күнгі арманы. 

– «Дәрігер болу – менің бала күнгі арманым болатын. Сол арманыма бүгін қол жеткізіп отырмын. “AMANAT” партиясының бастамасымен жүзеге асып отырған гранттың иесі атанып, қазіргі таңда кәсіби білімімді жетілдіріп, ауданға, елге қызмет етіп жүрмін», – дейді ол.

Бүгінде жас мамандар тек медициналық қызмет көрсетіп қана қоймай, ауыл тұрғындарының сеніміне де ие бола бастаған. Тұрғындардың айтуынша, дәрігерлердің қарапайым қарым-қатынасы мен жанашырлығының өзі емнің бір бөлігіне айналған.

– «Қазір дәрігерлердің жылы қабағын көрудің өзі маңызды. Ауырып келген адамды жақсы қарсы алып, әрқайсысына түсіністікпен қарайды. Бұрын кей мамандар жетіспегендіктен көп нәрсе қиын болатын», – дейді ауыл тұрғындарының бірі.

Дегенмен мәселе толық шешілді деуге әлі ерте. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстан бойынша дәрігер тапшылығы соңғы екі жылда шамамен 20 пайызға азайғанымен, Абай облысында кадр тапшылығы сақталып отыр. Әсіресе ауылдық жерлерде терапевт, педиатр, анестезиолог және акушер-гинеколог мамандарына сұраныс жоғары. Сондықтан партия жұмысы тек нысан ашумен немесе бір реттік көмек көрсетумен шектелмейді. Негізгі мақсат – тұрғындардың нақты сұранысына жауап беру, ауылдағы өмір сапасын жүйелі түрде жақсарту және жас мамандарға тұрақты мүмкіндік қалыптастыру.Қарауылдағы бүгінгі өзгеріс – соның нақты мысалы.


#Денсаулық, #Дәрігер, #АМАНАТ партиясы, #Абай ауданы