Облыста медициналық-санитариялық көмек ұйымын еркін таңдау науқаны жүргізілуде

Облыста медициналық-санитариялық көмек ұйымын еркін таңдау науқаны жүргізілуде

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығының жобасы шеңберінде алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымын (бұдан әрі - МСАК) еркін таңдау науқаны басталды. Ол екі ай уақыт аралығында жүргізіледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ЖШҚ Абай облысы бойынша филиалының директоры Эльмира Рахимбаева баяндады.

- Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстанда "Жеке тұлғаларды денсаулық сақтау ұйымдарына бекіту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 13 қарашадағы № ҚР ДСМ-194/2020 бұйрығына өзгерістер енгізілді. Сол өзгеріс нәтижесінде қазір еркін таңдау науқаны жүзеге асуда. Бүгінгі таңда Қордың денсаулық сақтау субъектілерінің деректер базасында облыс бойынша 34 БМСК (бастапқы медициналық-санитарлық көмек) ұйымдары тіркелген, оның ішінде 21 - мемлекеттік, 13 - жеке меншік медициналық ұйымдар,- деп атап өтті Ельмира Рахимбаева.

Аталмыш акция елімізде жыл сайын өткізіледі. Науқан кезінде қазақстандықтар өздері тіркеуде тұрған емхананың жұмысына қанағаттанбаса басқа емханаға ауыса алады немесе өз емханасы ішінде басқа учаскелік дәрігерді таңдауға мүмкіндігі бар.

- Бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымына тіркелген пациент учаскелік дәрігердің қабылдауы, өзінің денсаулық жағдайын бақылау, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, скринингтік тексерулер, диагностикалық зертханалық және аспаптық зерттеулер сынды медициналық көмек пен емдеуге жатқызуға жолдама ала-алады, - деді спикер.

Емханаға тіркелу барлық азаматтарға арналған электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы жасалынады. Онда www.egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Жауап оң болған жағдайда медициналық ұйымға тіркелгеніңіз туралы хабарлама келеді. Сонымен қатар шетел азаматтарының да емханаға тіркелуге құқылы.

- Қолданыстағы еңбек заңнамасына және Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодекске сәйкес ЕАЭО – ға қатысушы елдердің бірінің (РФ, Беларусь, Қырғызстан, Армения) азаматтығы бар ҚР – да уақытша тұратын шетелдіктер-еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелерін (балалары мен жұбайлары) емханаға бекіту ерікті шарт негізінде жүргізіледі. Сондай- ақ алғашқы медициналық-санитарлық және шұғыл стационарлық көмекке есептелген медициналық сақтандыру шарты да қолданылады, - деп қорытындылады «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ЖШҚ Абай облысы бойынша филиалының директоры.


#Денсаулық, #Абай облысы