Семейде «Қазақстанның үздік тауары» және «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында өңірлік көрме-байқау өтті
Бүгін Абай облысының орталығы Семей қаласында «Қазақстанның үздік тауары» және «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында өңірлік көрме-байқау ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – жергілікті кәсіпкерлерге өз өнімдерін кеңінен таныстыруға және жаңа серіктестер табуға мүмкіндік беру.Іс-шараға Абай облысының әкімі Берік Уәлиұлы қатысып, қатысушы кәсіпкерлерге сәттілік тіледі.

«Бұл еліміз бойынша дәстүрлі түрде өтетін отандық өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін дәріптейтін маңызды іс шара. Президент жарлығына сәйкес өтіп жатқан байқау еліміздің өндірістік әлеуетін арттыруға, жергілікті бизнеске жаңа серпін беруге бағытталған бастама екенін атап өтуіміз керек. Біз әрқашан сіздердің серіктестеріңіз болуға дайынбыз және облыс әкімдігінің тарапынан бизнес өкілдерін қолдауға жан-жақты дайынбыз және қандай да бір бизнестің дамуына кедергі келтіретін сұрақтар болатын болса, оны тез арада заң аясында шешуге дайын екенімізді осы мүмкіндікті пайдаланып айтқым келеді.Әрқашан сіздердің серіктестеріңіз болуға, бірге жұмыс жасауға шын мәнісінде мүдделіміз. Ыгтымақпен ілгерілеудің үлгісі бола білген баршаңызға алғыс білдіремін.Байқауда сәттілік тілеймін! Еңбектеріңіз лайықты бағаланып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылсын!»-деді аймақ басшысы.
Биылғы байқауға облыс бойынша 13 кәсіпкерлік субъектісі қатысты. Олар тағам өнімдерінен бастап, тұрмыстық және өндірістік тауарларға дейінгі түрлі өнімдерін ұсынуда. Берік Уәли 2023 жылы «УК ЮНИС» ЖШС-нің республикалық деңгейдегі жетістігін ерекше атап өтті. Аталған кәсіпорын 1387 қатысушының арасынан үздік тоғыздыққа еніп, 4 жыл бойы «Қазақстанның үздік тауары» мәртебесін қолдану құқығына ие болған.
Облыс әкімі Берік Уәли көрмені аралап, жергілікті өндірушілердің өнімдерімен танысты.



#Абай облысы, #экономика, #Абай облысының әкімі, #кәсіпкерлік, #"Атамекен" кәсіпкерлер палатасы