Берік Уәли: «Қаладан — ауылға» жобасы ауылдық аумақтардың дамуына тың серпін береді
Абай облысында ауылдық елді мекендердің әлеуетін арттыруға бағытталған «Қаладан — ауылға» атты жаңа пилоттық кешенді жоба іске қосылмақ. Ауылдарды жаңғыртуға, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға және қала тұрғындарын ауылдық жерлерге тартуға бағытталған жоба облыс әкімі Берік Уәлидің тікелей бастамасымен жүзеге асырылмақ.
Аймақ басшысының айтуынша, жобаның басты мақсаты — ауылды өмір сүруге қолайлы ортаға айналдыру және азаматтардың ауылға қоныс аударуына жан-жақты жағдай жасау.
«Біз ауылдық жерде мал шаруашылығымен айналысып, өз ісін дамытқысы келетін азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетеміз. “Қаладан — ауылға” жобасы арқылы барлық мемлекеттік бағдарламалар мен облыс әкімдігі тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары бір жүйеге біріктіріледі», — деді облыс әкімі Берік Уәли.
Жоба аясында ауылдарға көшіп барғысы келетін азаматтарға бизнес ашу, мал шаруашылығын дамыту үшін жеңілдетілген несиелер мен мемлекеттік қолдау тетіктері ұсынылады. Сонымен қатар шетелден келетін қандастарды қоныстандыру мәселесі де назардан тыс қалмайды.
2024 жылы Абай облысына 264 адам қоныс аударса, оның 244-і — қандастар. Жаңа бастама бұл үдерісті жүйелі түрде жалғастыруға мүмкіндік бермек.
Пилоттық жоба жергілікті қауымдастықтардың белсенді қатысуымен ерекшеленеді. Мәселен, Абай ауданына қарасты Медеу ауылдық окургінің әкімі Еркебұлан Кеңесбекұлы қала тұрғындарын қабылдауға дайын екендерін білдірді. Ұсыныс бойынша әр отбасына тұрғын үй, 10 бас қой, 2 бас ірі қара, 1 жылқы берілмек. Тұрақты жұмыспен қамту қарастырылған. Сондай-ақ, көшіп келген отбасының ауылда дүниеге келген баласына ат мінгізу дәстүрі де бар.
Медеу ауылы бүгінде дамыған инфрақұрылымымен ерекшеленеді. Мұнда мектеп, мәдениет үйі, медициналық пункт, тұрақты интернет желісі, спорт және ойын алаңдары толықтай жұмыс істеп тұр. Осындай жағдайлар облыстың өзге де ауылдарында қалыптасып келеді.
Берік Уәли соңғы жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік нысандар салу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Ауыл — елдің тірегі. Біз ауылдардың дамуына серпін беріп, туған өлкенің әлеуетін нығайтуға бағытталған барлық игі бастамаларды қолдауға дайынбыз», — деді аймақ басшысы.
«Қаладан — ауылға» пилоттық жобасының ресми таныстырылымы 20 ақпанда Семей қаласында ауылдық округтер әкімдерінің форумы аясында өтеді.
#Абай облысы, #Ауыл - ел бесігі, #Абай облысының әкімі