Семей мектептерінде тамақ сапасы тексерілді

Семей мектептерінде тамақ сапасы тексерілді

Оқушылардың денсаулығын сақтау және мектептегі тамақтанудың қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету мақсатында қала мектептерінде ас блоктарының жағдайы мен тамақтануды ұйымдастыру жүйелі түрде тексерілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Семей қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Шыңғыс Чокушев мәлімдеді.

– Тексеру нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталды. Кей мектептерде жабдықтардың ескіргені және оларға уақытылы жөндеу мен күтім жасалмауы байқалды. Мұндай жағдайлар тағам дайындау кезіндегі санитариялық қауіпсіздікке әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, азық-түлік жеткізуге қатысты келісімшарттар рәсімдеу кезінде кей қызметкерлердің медициналық тексеруден толық өтпегені белгілі болды, – деді Шыңғыс Чокушев.

Анықталған олқылықтарды жою мақсатында білім бөлімі, мектеп әкімшіліктері және тамақтандыру операторларымен бірлескен шаралар қолға алынған. Санитариялық нормалар мен талаптарды сақтау бойынша нақты ұсынымдар әзірленіп, орындалуы тұрақты бақылауда.

Басқарма басшысының айтуынша, ас блоктарының санитариялық-гигиеналық жағдайына және оқушыларға ұсынылатын тағам сапасына бақылау – мекеменің басты бағыттарының бірі. Бұл жұмыс жыл бойы үздіксіз жүргізіліп отырады.

– Әртүрлі жағдайлар кездесіп жатады, бұл жөнінде әлеуметтік желілерде де жазылып жүр. Біздің басқарма әрдайым ашық, халықпен кері байланыс орнатуға дайын. Барлық сұрақты E-otinish сервисі арқылы немесе тікелей басқармаға келіп қоюға болады. Тексеру барысында анықталған мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп келеді, – деді ол.

Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы білім беру ұйымдарындағы тамақтану нысандарында санитариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету бағытында профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда.

Басқарма бөлім басшысы Асия Жарылғапованың айтуынша, биыл білім беру ұйымдарында тамақтанудың жаңа стандарты енгізілген.

– Жаңа стандарт салауатты тамақтанудың халықаралық талаптарына негізделген. Онда тұз, қант және май мөлшерін азайту, көкөніс пен жеміс-жидек тұтынуды көбейту қарастырылған. Ас мәзірі ақуыз, май, көмірсу, дәрумендер мен микроэлементтер теңгеріміне сай жасалған. Қазір қаладағы 61 жалпы білім беретін мектептің ас блоктары кезең-кезеңімен санитариялық қабылдаудан өтуде. Бұл жұмыс асханалардағы санитариялық-гигиеналық нормалардың орындалуын, жабдықтардың техникалық жай-күйін және персоналдың санитариялық даярлығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді ол.


#Семей, #Абай облысы, #Оқушы, #мектеп, #мұғалім