«Рухани келісім күніне» арналған облыстық форум

«Рухани келісім күніне» арналған облыстық форум

14-15 қазанында Абай облысында облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани келісім күні» мерекесіне арналған «Дінаралық диалог – ортақ құндылықтар мен бірлік жолы» атты облыстық форум өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі. 

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары М.А. Раханов қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол «Рухани келісім күні» – ел бірлігі мен татулығын, дінаралық өзара құрмет пен түсіністікті дәріптейтін маңызды мереке екенін атап өтті. Сондай-ақ, конфессияаралық келісімді нығайтуға елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарға облыс әкімінің атынан Алғыс хаттар табыстады.

Форумның пленарлық отырысында облыстың Дін істері басқармасының бөлім басшысы Н. Көпжасаров жуырда Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съездің маңыздылығы меннәтижелері туралы баяндады. Форумға қатысушылар еліміздегі дінаралық татулық пен конфессияаралық келісімді нығайту бағытында пікір алмасып, тәжірибе бөлісті.

Форум жұмысына өңірдегі діни бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, ішкі саясат бөлімдерінің қызметкерлері, ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері қатысты. 

Форум бағдарламасы екі күнге жоспарланып, мазмұнды іс-шараларға толы болды. Бірінші күні діни бірлестік өкілдерінің қатысуымен ағаш отырғызу акциясы өтті. Сонымен қатар, ақпараттық-түсіндіру топтары мен ішкі саясат бөлімдерінің мамандарына арналған оқыту семинарлары ұйымдастырылды. Қатысушылар үшін зияткерлік ойындар мен пікірталас алаңдары өткізілді.

Форумның екінші күні қатысушылар мәдени бағдарлама аясында Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейі мен «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне барды.

Бүгінгі таңда Абай облысында 7 конфессияны білдіретін 178 діни бірлестік тіркелген. Бұл өңірде ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтау мен дамыту жолындағы жүйелі жұмыстардың бір көрсеткіші .


#Абай облысы, #дін, #форум