Қазақстанда туризм саласын дамыту – елдің экономикалық өсуінің маңызды факторы

Қазақстанда туризм саласын дамыту – елдің экономикалық өсуінің маңызды факторы

Қазақстан Президентінің туризм саласын дамытуға қатысты пікірі қазіргі кезеңде өте өзекті әрі стратегиялық маңызы бар. Ішкі және сыртқы туризмнің қарқынды дамуы ел экономикасына серпін беріп, қызмет көрсету саласы мен жергілікті кәсіпкерлікті қолдаудың маңызды жолы,-дейді Абай облыстық мәслихатының депутаты Нұрлан Қойжайғанов. Бұл туралы abaidan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды. 

Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстанның бай табиғаты мен мәдени мұрасы шетелдік туристер үшін ерекше тартымдылыққа ие. Әсіресе экотуризм бағытындағы әлеует айрықша, бұл сала туристік индустрияның жаңа мүмкіндіктерін ашуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, туризмді дамыту үшін инфрақұрылымды жетілдіру, білікті кадрлар даярлау және жауапты басқаруды қамтамасыз ету маңызды. Мысалы, «Шымбұлақ» сияқты кейбір курорттар мен туристік нысандардың ұзақ уақыт назардан тыс қалуы салаға кері әсерін тигізеді. Сондықтан Алматы тау кластерінің әлеуетін тиімді пайдалану, туристік инфрақұрылымды әртараптандыру және халықаралық тәжірибелерді енгізу аса қажет.

Ең бастысы – туризмнің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін кадрлық саясатқа ерекше көңіл бөлу. Жаңа оқу орындары мен кәсіби даярлық бағдарламаларын кеңейту арқылы салаға білікті мамандарды тарту маңызды. Бұл Қазақстанды шетелдік және ішкі туристер үшін тартымды әрі қолайлы елге айналдыруға мүмкіндік береді.

Абай облыстық мәслихатының депутаты Нұрлан Қойжайғановтың сөзінше, туризмді дамыту тек экономикаға ғана емес, еліміздің имиджіне де оң әсер етеді. Туризм инфрақұрылымын жетілдіру мен кәсіби кадрларды даярлау – Қазақстанның халықаралық туристік нарықта бәсекеге қабілетті болуына септігін тигізетін басты қадамдар.


#Абай облысы, #ҚР Президенті, #Туризм