ОБЛЫСТЫҢ СУ АЙДЫНДАРЫНДАҒЫ ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БАҚЫЛАУДА.

ОБЛЫСТЫҢ СУ АЙДЫНДАРЫНДАҒЫ ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БАҚЫЛАУДА.

Шомылу маусымы басталмас бұрын облыстың су айдындарындағы шомылу орындарынан 54 су сынамасы алынып, нәтижесінде  гигиеналық талаптарға сәйкес келмейтін 8 жағдай анықталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті коммуналдық объектілерді бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Ардақ Барлықанова мәлімдеді.

Жазғы кезеңде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басты міндеттерінің бірі - еліміздің су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

 

- Шомылу маусымы басталмас бұрын облыстың су айдындарындағы  шомылу орындарында 54 су сынамасы микробиологиялық, санитариялық-химиялық, паразитологиялық және вирусологиялық көрсеткіштерге зерттелді, нәтижесінде  гигиеналық талаптарға сай келмейтін 8 жағдай анықталды. Олар Семей қаласында келесі шомылу орындарынан - Жоламан кенті, ТЖ көпірі, «Солнечный» алқабы және Педагогикалық институт аудандарында Ертіс өзенінен тіркелді, - деді бөлім басшысы.

 

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті субұрқақтар қаланы абаттандыру үшін қажет екенін, олардың шомылуға емес, ауаны ылғалдандыруға арналғанын еске салады.

 

- Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг шеңберінде маусым айында облыс бойынша субұрқақтардан су сынамасынан зертханалық тексеру алынды:  ішек таяқшаларына 12 сынама, ВГА-ға 12 сынама, энтеровирустарға 12 сынама, ротавирустарға 12 сынама. Олардың ішінде Семей қаласында 6 сынамадан нормадан жоғары ішек таяқшалары табылды. Шара қолдану үшін Семей қаласы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне ақпарат жолданды, - деп қорытындылады Абай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Раушан Фатхуллина.

Сонымен қатар, спикерлер субұрқақтағы судың дененің шырышты қабатына түсуіне жол бермеуді және одан мүлде су ішуге болмайтынын ескертті.


#Абай облысы, #су, #ағын су, #ауыз су