Су тасқынының салдарын жою үшін құқықтық тәртіп әскерлері 10 000-ға жуық әскери қызметшіні жұмылдыруы мүмкін
Жыл сайын Қазақстанның кейбір өңірлерінде су тасқыны күтіледі. Өткен жылдардағы тәжірибені ескере отырып, атқарушы және күштік органдар алдын ала дайындалады. Олар қорғаныс бөгеттерін, жағалау аймағын нығайтады. ҚР ІІМ Ұлттық ұланы өткен көктемгі маусымдарда өз әлеуетін көрсеткен болатын және биыл да халыққа көмектесуге дайын. Бұл туралы abaidan.kz ақпараттық агенттігі ҚР ІІМ Ұлттық Ұланының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ұлттық ұлан күштері мен техникаларының табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою шараларына жұмылдырылады. Бұл қолданыстағы заңнама, ережелер, нұсқаулықтар, бұйрықтар және азаматтық қорғау саласындағы жоспарлар негізінде ұйымдастырылады. Әскери резервтегі жедел құтқару жасақтарының саны 1600 әскери қызметшіге дейін жетеді, олардың қарамағында 60-тан астам техника бар. ТЖ аймағындағы топтарды күшейту үшін қосымша 10 000-ға жуық әскери қызметші және 350-ден астам құқықтық тәртіп әскерлерінің техникасы жұмылдырылуы мүмкін.

Сонымен қатар, қажеттілік туындаса, Ұлттық ұлан авиациясы төтенше жағдайларды жою мақсатында️ Y8F200W ұшақтары мен Ми-171Е тікұшақтарын бөледі. Тек өткен жылы апаттық аймақта әуе техникасы 46 рет ұшақпен, 115 рет тікұшақпен ұшу жасады. Жалпы, 2024 жылдың наурыз-маусым айларында су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысу үшін ҚР Ұлттық ұланы 3,5 мыңға жуық әскери қызметшіні, 150-ден астам автомобиль және арнайы техниканы бөлді. Нәтижесінде 5,5 мыңнан астам адам эвакуацияланды, оның ішінде 501 адам авиация арқылы құтқарылды.

Айта кету керек, өткен жылы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының жеке құрамы шамамен 3 мың тонна гуманитарлық көмекті тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізіп, 15 мың метрден астам арық тазартты. 2 миллионнан астам қапшық дайындап, төседі. Сондай-ақ 130 мың метрге жуық жағалауды бекіту жұмыстары үшін 5,5 мың тоннадан астам топырақ тасымалданды.