2026 жылдан бастап арнаулы салық режимдері жаңартылады
2026 жылдан бастап Қазақстанда арнаулы салық режимдерінің жаңа түрлері қолданысқа енгізіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті камералдық мониторинг басқармасының басшысы Еркежан Бүркітова мәлімдеді. Спикердің айтуынша, 2026 жылдан бастап арнаулы салық режимдерінің үш түрі қарастырылған. Олар – өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған, оңайлатылған декларация негізіндегі және шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған режимдер.
– Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін арналған арнаулы салық режимін қолдану үшін арнайы хабарлама тапсыру талап етілмейді. Бұрын патент немесе мобильді қосымша арқылы жұмыс істеген жеке кәсіпкерлер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке кәсіпкер ретінде есептен өз еркімен шыға алады. Егер мұндай жеке кәсіпкер оңайлатылған декларация негізіндегі режимге көшу туралы хабарлама тапсырмаса, 2026 жылғы 1 наурыздан бастап салық органы оны жеке кәсіпкер ретінде есептен шығарады. Ал алғашқы түбіртек қалыптастырылған күннен бастап ол өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға болып есептеледі, – деді Еркежан Бүркітова.
Айта кету керек, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін рұқсат етілген қызмет түрлерінің нақты тізбесі бекітілген. Қазіргі таңда бұл тізімге 40 экономикалық қызмет түрі енгізілген. Ал оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін таңдаған салық төлеушілер 2026 жылғы 1 қаңтар мен 1 наурыз аралығында осы режимге көшу туралы хабарлама тапсыруға тиіс. Хабарламаны салық төлеушінің жеке кабинетінде, «E-Salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы, сондай-ақ Kaspi және Халық банк қосымшалары арқылы жолдауға болады. Сонымен қатар қағаз түрінде де тапсыру мүмкіндігі қарастырылған.
– Ерекше назар аударатын жайт – хабарлама 1 наурызға дейін міндетті түрде тапсырылуы қажет. Белгіленген мерзімде хабарлама ұсынылмаған жағдайда, салық төлеуші 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне көшіріледі. Сондай-ақ оңайлатылған декларация режиміне тыйым салынған қызмет түрлерінің тізбесі бекітілген. Бұл тізбеге 44 қызмет бағытына біріктірілген 185 экономикалық қызмет түрі енгізілген, – деп атап өтті спикер.
Статистикалық деректерге сәйкес, Абай облысы бойынша қазіргі таңда 61 608 салық төлеуші тіркелген. Оның ішінде 41 773-і арнаулы салық режимдерін қолданады. Бүгінге дейін режимді өзгерту туралы хабарламаны 16 189 салық төлеуші тапсырған.
Хабарлама тапсыру мерзімінің аяқталуына шамамен бір жарым ай уақыт қалды. Осыған байланысты кәсіпкерлерге салық режимін алдын ала айқындап, белгіленген мерзімде хабарлама тапсыру ұсынылады.
#Абай облысы, #мемлекеттік кірістер басқармасы, #салық