Ең бастысы – дұрыс таңдау жасау!
Қазақстан үшін АЭС салудағы маңызды фактор – қауіпсіздік. Халық та алдымен атом қуатын энергия көзі ретінде пайдаланудың экономикалық және экологиялық тиімділігі қандай деген сұрақтарға қызығушылық танытып отырғаны жасырын емес.
Сондықтан біз елімізде атом электр стансасын салудың артықшылықтары туралы Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимовке бірқатар сауал қойған едік.
– Сіздіңше, Қазақстан үшін АЭС салудың маңыздылығы не?
– 2009 жылдан бері Қазақстан табиғи уран өндіру көлемі бойынша әлемде бірінші орынды иеленіп келеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша уран өндірісі 21,3 мың тоннаны құрады. Екінші орында – Канада, үшінші орында – Намибия және төртінші орында көршіміз – Өзбекстан. Ғылыми түрде дәлелденгендей, АЭС құрылысына алғашқы шығындарды есептемегенде, ядролық энергетика – ең экономикалық тиімді энергетикалық шешімдердің бірі. Мұндағы электр энергиясын өндіру бағасы газ, көмір немесе мұнай пайдаланатын ЖЭО-ға қарағанда әлдеқайда төмен. Сондай-ақ бұл оң экономикалық әсерді тек жанар-жағармайдың аталған түрлері стансалар маңында орналасқан жағдайда ескеру қажет.
– АЭС салудың еліміз үшін стратегиялық және экономикалық тиімділігі қандай? Ол өзін ақтай ма? Экологиялық зардабы жоқ па?
– Атомдық стансалар – бұл ауа райы жағдайларына тәуелсіз энергия көзі. Күннің уақытына, жыл мезгіліне, бұлттылыққа, жаңбырға, желдің күшіне және толқындардың биіктігіне қарамастан, сенімді жұмыс істейді. Бұл «жасыл» шешімдерге, мысалы, күн және жел энергиясына қарағанда, инвестицияның жақсы қайтарымын қамтамасыз етеді.
АЭС салудың тағы бір дәлелі – экологиялық фактор. Бүгінде бұл біздің еліміз үшін өте маңызды, өйткені көмірмен, табиғи газбен жұмыс істейтін электр стансалары атмосфераға көмірқышқыл газын шығарады. Бұл парниктік әсері күшейіп, жер атмосферасының қызуына, климаттық өзгерістерге әкеледі. Біз қазірдің өзінде бұл әсерлерді сезінудеміз: ауа райының өзгеруі, әлемдік мұхит деңгейінің көтерілуі және басқа да құбылыстар болуда. Атом электр стансаларында көмірқышқыл газ шығарындылары өте аз. АЭС өндірген энергия көлемімен салыстырғанда, атмосфераға басқа энергия көздерінен бөлінетін парниктік газдар аз болады.
– Осыдан 10 жылдан астам уақыт бұрын елімізде «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы қабылданғаны белгілі. Осы тұжырымдамаға сәйкес қажетті энергияның жартысын жаңартылған қуат көздерінен (жел, күн, су), яғни елдегі балама қуат көзінің үлесін 2030 жылға қарай 15 пайызға, ал 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізу көзделген болатын. Сіздің ойыңызша, қазір бұл тұжырымдаманың орындалуы қалай жүзеге асып жатыр?
– Қазақстан үшін климаттың өзгеруімен күресу басым бағыт болып саналады. Сондықтан 2016 жылы еліміз Париж келісіміне қол қойып, 2030 жылға дейін парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы деңгейден 15%-ға төмендету міндетін алды. Сонымен қатар Президент өз Жолдауында басты міндеттердің бірі ретінде 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізуді белгіледі. Қазір еліміз бірнеше энергия түрлерін, атап айтсақ, жылу энергетикасын, гидроэнергетиканы, жаңартылатын энергетиканы, жел энергетикасын және күн энергетикасын пайдаланады. Бұл дегеніміз – Қазақстанда көмірмен жұмыс істейтін электр стансаларының орнын баламалы энергетика көздері ауыстыруы керектігін білдіреді. Алайда әлемде ең сенімдісі, тұрақтысы, әрі ең дамығаны – атом энергетикасы екені даусыз.
– Ал АЭС-ті салуға, оны дұрыс пайдалануға отандық мамандардың әлеуеті жете ме? Елімізде атомды бейбіт мақсатта пайдаланудың алғышарттары қандай деп ойлайсыз?
– Қазақстан табиғи уран қоры бойынша әлемде Аустралиядан кейін екінші орында тұр және 700 мың тонна уранға ие. Көріп отырғаныңыздай, бізде АЭС салуға барлық жағдай бар. Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың есептеулері бойынша, Өзбекстан Республикасының қойнауында 140 тонна уран рудасы бар. Бұл елді пайдалы қазбалар қоры бойынша әлемде оныншы орынға шығарады. Айтпақшы, Өзбекстанда алғашқы АЭС-ті іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2050 жылға қарай Өзбекстанның электр энергиясына қажеттілігі екі есеге өседі.
Сол сияқты Қазақстан қазірдің өзінде электр энергиясының тапшылығын сезінуде және оны көршілес елдерден импорттауға мәжбүр. Бұл тікелей жаңа өндірістерді іске қосуға, жұмыс орындарын құруға әсер етеді және бизнестің дамуын тежейді. Электр энергиясы үздіксіз жұмыс істегенде, оның өзіндік құны ең төмен болады. Қазір бұл адамзат үшін басты мәселелердің бірі. Сонымен қатар АЭС салатын барлық компания 60 жылға кепілдік береді. Алайда тәжірибе көрсеткендей, АЭС кем дегенде 80 жыл жұмыс істейді. Ал әрі қарай оны 100 жылға дейін ұзартуға болады. Атом энергиясы – бұл энергияның орасан зор көзі. Бар болғаны 1 келі уран 4%-ға байытылған жағдайда, шамамен 100 тонна жоғары сапалы көмір немесе 60 тонна мұнай жағумен бірдей энергия береді.
Тағы бір маңызды артықшылық – кадр мәселесі. Атом электр стансасын салу кезінде шамамен 8 мың адам жұмыспен қамтылуы мүмкін, ал болашақта оның жұмыс істеуінде шамамен 2 мың маман қызмет атқарады. Халықтың оң шешімі елдегі еңбек нарығына және елдің дамуына оң әсер етеді деп сенемін.
– Дегенмен АЭС радиоактивті қалдықтарсыз жұмыс істемейтіні шындық, оны қайта өңдеу және сақтау әлемдік деңгейде әлі де шешімін таба қойған жоқ. Сіздіңше, Қазақстан радиоактивті қалдықты қайда, қалай сақтамақ?
– АЭС-тің жұмыс істеуіне қарағанда құрылысына үлкен қаржы қажет. Бұған қоса, атом стансаларында өндірілген қалдықтардың радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды барлық қажетті процедураны сақтай отырып, салқындатылған құрылымдарда сақтау үшін қаражат бөлуі керек. Радиоактивті қалдықтарды сақтау да атом электр стансалары тап болатын маңызды мәселе. Курчатов қаласында 1995 жылы АҚШ-тың ақшасына радиоактивті қалдықтарды ұзақ мерзімге сақтайтын қойма салынған. Сол Курчатов қаласында радиоактивті қалдықтарды орталықтандырылған өңдеу пунктін салу жоспарда бар. Бұл жерге Қазақстанның барлық аумағынан қалдықтарды әкеліп, оларды қайта өңдеп, сол жерде сақтауға болады. Парламент атом қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау саласында АЭС-ті жобалау, салу және пайдалану үшін қатаң қауіпсіздік стандарттарын қамтитын заң қабылдауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар заң ядролық қалдықтармен жұмыс істейтін операторды анықтайды. АЭС қолданатын көптеген ел олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша әлдеқашан алға жылжыған. Бүгінде атом энергетикасының дамуының негізгі үрдісі – IV буын ядролық реакторлардың жаңа түрлерін пайдалануға ұмтылу болып отыр.
– 6 қазанда өтетін референдумда халықтың таңдауы маңызды екені түсінікті. Жалпы, референдумаға дайындық жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?
– Елдегі саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар 4 қыркүйекте АЭС құрылысына қолдау білдіріп, Халықтық штабқа бірікті. Штабқа 6 саяси партиядан 250 өкіл және шамамен 20 республикалық қоғамдық бірлестік кірді. Штаб отырыстарының бірінде Парламент Мәжілісінің Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу міндеттемелерін қабылдағанын атап өтті. Яғни, болашақта біздің көмір технологияларын қолдану арқылы өндірілген тауарларымызға әлемдік нарықта қосымша салық салынатын болады. Қазір еліміздегі электр энергиясының 70%-ы көмір стансаларынан алынатынын ескерсек, бұл тұрғыда АЭС отандық тауар өндірушілер үшін әлемдік нарыққа шығудың трамплині болады. Сондықтан елорда тұрғындарына үндеу жасағым келеді. АЭС құрылысы бойынша республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырамын. 6 қазанда біз бәріміз ел тағдырын келесі ондаған жылдарға айқындайтын маңызды шешім қабылдаймыз. Біз шынымен үлкен әрі жауапты таңдаудың алдында тұрмыз!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ