Қазақстанда бензин бағасын көтеруге мораторий енгізіледі

Қазақстанда бензин бағасын көтеруге мораторий енгізіледі

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов АИ-92 маркалы бензин мен дизель отыны бағасын одан әрі көтеруге мораторий енгізілетініне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі kaz.inform.kz сілтеме жасап.

— Мемлекет басшысының әлеуметтік жағдайды тұрақтандыру бойынша берген тапсырмаларына сәйкес барлық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ең алдымен жанармай бағасының көтерілмеу мәселесін қарастырып жатырмыз. Бүгіннен бастап мораторий жарияланады. Энергетика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Сонымен қатар электр энергиясы, жылу саласындағы тарифтердің де көтерілмеуін қадағалаймыз. Жұмыс бірнеше бағытта жүргізілетін болады — бұл ішкі шығындарды оңтайландыру және көмірдің тұрақты бағасын, сондай-ақ теміржол тарифтерін қамтамасыз ету. Жақын арада коммуналдық қызметтер тарифтерін көтеруге мораторий жарияланады. Бұның барлығы Президенттің берген тапсырмасына сәйкес жүзеге асады, — деді энергетика вице-министрі.

Еске сала кетейік, бүгін Премьер-министр Үкімет мүшелерінің, басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдар басшыларының қатысуымен Мемлекет басшысының азаматтар мүддесі үшін экономикалық реформалар бағдарламасын жүзеге асыруды ретке келтіру жөніндегі тапсырмаларын орындау мәселелері бойынша өткізген кеңесте биылғы 16 қазаннан бастап инфляция деңгейі тұрақтанғанға дейін АИ-92 маркалы бензин мен дизель отыны бағасын одан әрі көтеруге мораторий енгізілетінін мәлімдеді.


#экономика, #жанар май, #мораторий