Энергетика вице-министрі Абай облысының тұрғандарымен кездесті

Энергетика вице-министрі Абай облысының тұрғандарымен кездесті

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Абай облысының тұрғындарымен кездесуі барысында өңірдің проблемалық мәселелері талқыланды, сондай-ақ АЭС-ке қатысты түсінік берді, -деп хабарлайды abaidan.kz агенттігі. Вице-министр Абай облысын тұрақты түрде жылумен қамтамасыз ету үшін 3-ЖЭО салу жоспарланып отырғанын жеткізді.

"Осы жылдың маусым айында "Жылу энергетикасы туралы" заң қабылданды. Ол саладағы мәселелермен қатар, инженерлік желілерді бақылау, дамыту және экологиялық мәселелерді реттейді. Семейде жылыту мәселесін шешу үшін 3-ЖЭО салу жоспарлануда. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді. Құрылыс шамамен 5 жылға созылады. Дегенмен барлық дайындық жұмыстарын мерзімінде жүргізу қажет", - деп атап өтті Сұңғат Есімханов.

Жаңа ЖЭО қуаты 360 мегаватт болады. Бұл ретте болжамды жылу тапшылығы шамамен 1 000 Гкал құрайды. 

"Бұл тапшылық жабылатын болады, бірақ сонымен қатар облыс әкімдігі қолданыстағы жылу көздерін жаңғыртумен және қайта құрумен белсенді айналысатын болады. Бұл жұмыс дәл қазір жүріп жатыр. Біз де өз тарапымыздан қолдау көрсетеміз",-деп атап өтті вице-министр.

Елдің шығыс бөлігін газдандыруға келетін болсақ, Энергетика министрлігі екі нұсқаны қарастыруда: аймақты өз газымен немесе Ресей Федерациясынан газ тарту арқылы қамтамасыз ету.

"Бағыттардың бірі - "Сарыарқа" магистральдық газ құбырының 2 және 3 кезеңдерін салу. Алайда, бұл жобаны "Бейнеу – Бозай – Шымкент"МГ ұлғайту шартымен ғана іске асыруға болады. Сондықтан "Сарыарқа" МГ барлық кезеңдерін және "Бейнеу – Бозай – Шымкент" екінші желісін салу бір мезгілде көзделіп отыр. Газдандыру бойынша осындай жоспарлар бар, бірақ келіссөздер жүргізу үшін уақыт қажет", - деп атап өтті Сұңғат Есімханов.

Энергетика вице-министрі сондай-ақ АЭС салу мәселесі бойынша жоспарланған референдумды талқылаудың маңыздылығын атап өтті.

"Қазір жалпы атом энергетикасын қолдау мәселесі тұр. Референдумнан кейін қазақстандықтар АЭС құрылысын қолдаған жағдайда, олармен кім айналысатыны туралы мәселе шешілетін болады. Біз Оңтүстік Корея, Франция, Қытай, Ресей технологияларын зерттейміз. Бүгінде әлемде 60-қа жуық атом реакторы салынуда. Атом электр станциясының құрылысы елімізді, оның ішінде Абай облысын сенімді базалық электр энергиясымен қамтамасыз етеді. АЭС 90% - ға дейін тиімділікке ие және жұмыста өте сенімді", - деп қорытындылады Сұңғат Есімханов.


#энергетика, #АЭС, #Референдум