Өнеркәсіп министрлігі ел тұрғындарын көмірді ертерек сатып алуға шақырды

Өнеркәсіп министрлігі ел тұрғындарын көмірді ертерек сатып алуға шақырды

Күннің суытқанын күтпей көмірді ертерек сатып алу қажет. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылым министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов айтты.

Оның айтуынша, халықты және коммуналдық-тұрмыстық сектордың көмірге деген қажеттілігі 8,6 млн тоннаны құрайды. Бүгінде оның 1 млн тоннасы жеткізілген.

«Тапшылық орын алуы мүмкін бе? Жалпы, көмір бар. Біз әлемде көмірді өндіру мен барлау бойынша үздік 10 елдің қатарына кіреміз. Жылжымайтын құрам толығымен дайын, парктің де ұлғайтылғаны айтылды. Жергілікті жерлерде де әкімдіктер дайын отыр. Ендігі мәселе сұранысқа байланысты. Егер, халық күннің суытқанын күтетін болса, онда проблама болады. сол кезде (тапшылық) күтуіміз ықтимал», - деді Тұрар Жолмағанбетов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Оның дерегінше, темір жол тұйықтары күніне ары кеткенде 100 машинаға ғана көмір тией алады.

«Ал бәрі күн суытқанын күтсе, онда 500 машинаға дейін сұраныс болады. Мұндай көлемге оператордың қызметі көрсете алмайтындығы түсінікті. Сондықтан күннің суытқанын күтпей көмірді ертерек сатып алуы үшін халықтың арасында ақпараттық науқан жүргізу қажеттігін айтып отырмыз. Жалпы, көмір де, жылжымалы құрам да жеткілікті. Біздің ендігі міндетіміз – көмір сатып алу. Қазір тамыз, қыркүйек айларында тек темір жол тұйықтарындағы ғана емес, халықтың қолындағы да қорды арттыруымыз қажет», - деді комитет төрағасының орынбасары.


#көмір