«Отбасы банк» тұрғын үй бөлу тәртібін түсіндірді
Абай облысында мемлекеттік қолдау шаралары аясында берілетін жалдамалы тұрғын үйді бөлу ережелері түсіндірілді. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Отбасы банк» АҚ Абай облыстық филиалының Бизнесті дамыту бөлімінің маманы Балжан Ботаханова жалдамалы және несиелік тұрғын үйді бөлу тәртібіндегі өзгерістер туралы толық түсіндіріп, баяндады.
Спикердің айтуынша, «Отбасы банк» тұрғын үй құрылысын жүргізбейді. Тұрғын үйлерді банкке жергілікті әкімдік береді, ал банктің міндеті – оларды тұрғын үйге мұқтаж азаматтар арасында әділ және ашық түрде бөлу.
– Биыл бөлінетін жалдамалы үйлердің кемінде 70%-ы әлеуметтік осал топтарға беріледі. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүгедектігі бар азаматтар, көпбалалы отбасылар, жетім балалар және басқа да санаттағы азаматтар бар. Оның ішінде 20% арнайы квота ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға бағытталады. Қалған 30% арендалық тұрғын үй ресми түрде тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркелген өзге азаматтарға бөлінеді, -деді Балжан Ботаханова.
Оның айтуынша, барлық өтініш «Баспана маркет» порталы арқылы қабылданып, барлық процесс автоматты түрде өтіп, цифрлы форматта өңделеді. Қорытынды бойынша банк әкімдікке ресми хат жолдап, құжат рәсімдеу кезеңі басталады. Қосымша ақпаратты «Отбасы банк» АҚ Абай облыстық филиалынан алуға болады.
#Абай облысы, #баспана, #Отбасы банкі