Семей – аграрлық өңдеу және логистика орталығына айналуда
Экономиканың негізін ауыл шаруашылығы құрайтыны белгілі. Қала құрылымы тікелей ауыл шаруашылығы өндірісіне бағытталмағанымен, Семей қаласы аграрлық бағыттағы қайта өңдеу саласының қарқынды дамуымен ерекшеленеді. Бұл туралы Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласының тұрғындарымен өткен кездесуде айтты,- деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі.

Бүгінде облыс көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында 35-ке жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде 17 кәсіпорын облыс орталығы – Семей қаласында орналасқан. Атап айтқанда, ұн және макарон өнімдерін өндіретін 7 кәсіпорын, шұжық өнімдері бойынша 3, сүт өнімдерін шығаратын 2, ал майлы дақылдарды қайта өңдеумен айналысатын 6 кәсіпорын бар.
Ауыл шаруашылығы саласын жүйелі дамыту мақсатында 2031 жылға дейін өңірлік инвестициялық жобалар картасы әзірленді. Даму моделі ет кластерін қалыптастыруды, сүт-тауарлы фермалар салуды, етті құс шаруашылығын дамытуды және суармалы егіншіліктің әлеуетін толық пайдалануды көздейді. Осы бағыттар аясында облыс бойынша жалпы құны ауқымды 85 ірі жобаны іске асыру жоспарланған,-деді аймақ басшысы.
Соның ішінде Семей қаласында жалпы сомасы 23,8 млрд теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұл жобалар қаланың агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, «Qazaq Astyq Group» ЖШС жылына 72 мың тонна тазартылған күнбағыс майын өндіретін зауытты 2026 жылдың бірінші тоқсанында іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, 2028 жылға дейін жылына 250 мың дана тері өңдейтін «Eastern Protein» ЖШС өндірістік нысаны және жылына 36 мың тонна сүтті қайта өңдейтін «Ертіс Өнімдері» ЖШС зауыты іске қосылады. Бұдан бөлек, майлы дақылдарды қайта өңдеуге бағытталған тағы 3 агрожобаны жүзеге асыру көзделген.
Аталған жобалардың іске асырылуы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, экспортқа бағытталған өнім өндірісін ұлғайтуға жол ашады. Бұл өз кезегінде Семей қаласын аграрлық өңдеу және логистика орталығы ретінде орнықтыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, 2031 жылға дейін заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы суармалы жерлердің көлемін кемінде 88,2 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Осыған байланысты «Өндіріс» индустриялық аймағының аумағында ирригациялық жүйелер шығаратын зауыт салу үшін әлеуетті инвесторларды тарту мәселесі пысықталуда. Бұл бастама облыстың суармалы егіншілік саласындағы тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, аграрлық сектордағы инновациялық жаңғыртуды жеделдетуге бағытталады,-деді облыс басшысы.
Жалпы алғанда, жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған инвестициялық жобалар Семей қаласының экономикалық дамуына серпін беріп, өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге негіз болмақ.
#Семей, #Абай облысы, #Ауылшаруашылық, #Берік Уәли