Үкімет сағаты: коммуналдық тарифтер лимит бойынша ғана өзгереді

Үкімет сағаты: коммуналдық тарифтер лимит бойынша ғана өзгереді

Ұлттық экономика министрінің орынбасары Арман Қасенов Сенаттағы Үкімет сағатында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған инвестициялық жобалар тарифті инфляция деңгейінде ғана өсіретінін айтты.

- Энергетика және коммуналдық секторды жаңғыртудың ұлттық жобасы коммуналдық инфрақұрылымның тозу көрсеткішін айтарлықтай азайтады. Тариф мәселесі ұлттық жобаны әзірлеген кезде егжей-тегжейлі талқыланған. Инвестициялық бағдарламаның тарифке әсерін азайту үшін жобаларды 20 жылға дейінгі мерзіммен қаржыландыру көзделген. Осылайша инвестициялық бағдарлама 20 жылға тарқатылған. Екіншіден, сыйақы мөлшерлемесі 10%-ға дейін төмендетілген. Бұл тарифтердің тым жылдам өсуіне жол бермейді. 10% деген қазіргі инфляциядан да төмен, - деді ол.

Арман Қасенов мемлекет тариф мәселесіне үлкен мән беріп отырғанын айтты.

- Тариф халықтың шығынын ғана емес, инфляцияны да арттырады. Сондықтан тарифке лимит қоюдың мәні бар. Тіпті Үкімет-Ұлттық банк-Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі үштігінің бірлескен әрекеттері бағдарламасында да тарифтердің лимитін бекіту қарастырылған. Сондықтан тариф мәселесіне мұқият назар аударып отырмыз. Тарифтің кенет және үлкен көлемде өсуіне жол бермейтін шаралар қабылданған.

Мысалы, абонементтер саны аз қалаларда бағдарлама қаржысы тарифке тікелей әсер тигізуі мүмкін. Мұндай қалаларда инвестициялық бағдарламаның бір бөлігі бюджет есебінен қаржыландырылады. Осы арқылы тарифтің өсімін ұстаймыз, - деді ол.

Сондай-ақ, ол «Бәйтерек» 5 жылда сырттан 20 трлн теңге қарыз алатынын мәлім етті.

kaz.inform


#экономика, #энергетика